Նորություններ

24.12.2021

ЕЭК цифрлық нарықтарда және дәрі нарықтарында, сондай мемлекеттік сатып алу саласында бәсекелестікті қорғаудың жаңа механизмдерін енгізуді жоспарлауда

23 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Арман Шаққалиев пен Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің монополияға қарсы ведомстволарының басшылары «5+1» форматында өткен онлайн-кеңес барысында 2022 жылға арналған жұмыстың басымдықты бағыттарын талқылады.
Ұлттық және ұлтүсті реттеушілердің кеңесі бұл жылы осымен төртінші рет өтіп отыр. Қатысушылар тығыз өзара іс-қимыл әріптестік, өнімді қатынастар құруға, алдағы жұмыстың ортақ басымдықтарын айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

ЕЭК министрінің сөзінше, басты басымдықтардың бірі — адал бизнесті әсіресе цифрлық нарықтарда қорғау болып қала береді.

«Біз сіздермен бірге ойынның түсінікті қағидаларын тұжырымдауға тиіспіз, өйткені цифрлық нарықтардың ерекшелігі жекелеген ойыншылардың жосықсыз практикасының жолын кесу үшін қолданыстағы іс жүргізу шараларын тиімді қолдануға мүмкіндік бере бермейді», — деп қайырылды басшыларға Арман Шаққалиев.

Министр цифрлық нарықтардағы мәселелер бойынша бірлескен сарапшылық топ құруды ұсынды. Оның жұмысы цифрлық нарықтардың көлемін бағалаудың келісілген әдістерін, цифрлық платформалар қызметінің тұтынушылар үшін пайдалылығы мен бәсекелестік үшін осындай платформалардың қолданылуына нұқсан келуі мүмкін арақатынасты әзірлеуге бағытталады. Бұдан өзге, топ Комиссия мен ұлттық монополияға қарсы органдар арасындағы құзыреттердің аражігін ажырату мәселелерімен айналысады.

ЕЭК министрі алдағы жылы бизнесті мемлекеттік сатып алу саласында қолдауға айрықша назар аударылатынын атап өтті.Сатып алу процесін реттеуді жетілдіру үшін Комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу блогы бірнеше шараны, соның ішінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде сөз байласуға жол бермеу жөніндегі таңдаулы практикаларға шолу өткізуді, бір көзден не жалғыз өнім берушіден сатып алу рәсімін өткізуге жол берілетін кезде мәмілелердің шекті сомасын айқындауға қатысты бірыңғай тәсілдемелерді тұжырымдауды ұсынды.

Арман Шаққалиевтың сөзінше, бұл шара ЕАЭО-ның басқа еліндегі мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде мүше мемлекеттердің өнім берушілері үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуге ықпал етеді. Министр бәтуаластыққа қол жеткізілген жағдайда Одақ құқығына тиісті түзетулер дайындалатынын мәлімдеді.

Кеңес барысында ЕЭК бәсекелестік блогының мемлекеттік сатып алу саласындағы тағы бір бастамасы – бір көзден сатып алу кезінде «электрондық дүкен» механизмін ендіру жайында айтылды. Жекелеген елдердің қазірдің өзінде интернет-алаңдар құру тәжірибесі бар, бұларда өнім берушілер тауарларды белгіленген баға бойынша ұсынады, ал мемлекеттік тапсырыс берушілер оларды конкурс өткізбей-ақ сатып алады. Одақтың барлық елінде осыған ұқсас механизмді ендіру бір көзден сатып алу рәсімінің өзінің ашықтығын қамтамасыз етуге және әлеуетті өнім берушілер санын арттыруға мүмкіндік береді, бұл нәтижесінде бюджеттік қаражатты жұмсаудың тиімділігін арттыруға алып келеді.

Тұтынушылардың мүдделерін қорғау саласында басымдықты бағыттардың бірі ретінде халықтың өмірлік маңызы бар дәрілік заттарға кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету таңдалған. Бұл үшін бәсекелестік блогы дәрілерге арналған баға тізілімін жасауды ұсынды. Ол ЕАЭО елдеріндегі дәрілік заттарды өндірушілер туралы, дәрілік заттардың (шекті, көтерме) бағалары жайындағы ақпаратты қамтитын болады деп бағамдалуда.

Іс-шара барысында ЕЭК бәсекелестік блогы ағымдағы жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) дайындаған шолу қорытындыларын ұсынды. Құжатта ЕАЭО құқығын, ЕЭК-тің бәсекелестік саласындағы құқық қолдануы мен қызметін терең талдау, сондай-ақ оларды жақсарту жөніндегі ұсынымдар қамтылған.
«5+1» форматындағы кезекті отырысты 2022 жылғы ақпанда Мәскеуде көзбе-көз форматта өткізу ұйғарылды.