12.08.2021
ЕАЭО-да контейнерлер кедендік шекара арқылы өткізілген кезде оңайлатылған тәртіп орнатылады
ЕАЭО-да кедендік реттеуді жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысына қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақта контейнерлер кедендік шекара арқылы өткізілген кезде оңайлатылған тәртіп орнату туралы ұсынысты қарады. Талқылау 11 тамызда ЕЭК штаб-пәтерінде Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Максат Мамыткановтың төрағалығымен өтті. Одақтың мүшесі болып табылмайтын мемлекеттің портына кірмей, сауда мақсатында теңізде жүзуде жүктер мен жолаушыларды тасымалдау үшін кемелерді өткізу мәселелері де басты назарда болды. Бұдан басқа, жұмыс тобы уәкілетті экспорттаушылар институтын ендіру үшін құқықтық негіз жасау перспективаларын талқылады.
Күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша өзара орынды шешімдер табуға және жұмыстың алдағы бағыттарын тұжырымдамалық келісуге қол жеткізілді.
Максат Мамытканов жемісті жұмыстары үшін қатысушыларға ризашылығын білдірді және сарапшылық топқа қабылданған шешімдерді практикалық іске асыру үшін тапсырма берілетінін атап өтті.
Одақта кедендік реттеуді одан әрі жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмыс Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарында көзделген.
Анықтама
Еуразиялық экономикалық одақта кедендік реттеуді жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2020 жылғы 15 қыркүйектегі № 125 өкімімен құрылды.
Жұмыс тобына Одақ елдері мемлекеттік органдары басшыларының орынбасарлары, бизнес-қоғамдастық өкілдері және Еуразиялық экономикалық комиссияның кедендік блогының өкілдері кіреді. Жұмыс тобы жанынан сарапшылық топ құрылған, ол тікелей ЕАЭО Кеден кодексіне түзетулер дайындаумен айналысады.