тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Выберите язык

тақырыбы бойынша жаңалықтар «ЕЭК Алқасының Төрағасы»

27 маусымның 2025 Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қорытындылары Минскіде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Интеграциялық күн тәртібінің бірқатар маңызды мәселелері қаралды. Бұл ЕАЭО құқығын жетілдіру, еуразиялық экономикалық интеграцияны дамыту стратегиясын іске асыру, халықаралық ынтымақтастық, сауда, қызметтер нарығын дамыту, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу, спорт саласындағы өзара іс-қимыл сияқты бағыттар. Екі маңызды халықаралық құжатқа қол қойылды. Біріншісі – Біріккен Араб Әмірліктерімен экономикалық серіктестік туралы келісім. Екіншісі – Моңғолиямен жасалған уақытша сауда келісімі. Мемлекет басшылары ЕАЭО халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын да қарастырды. Осы жылдар ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық аренадағы орны айтарлықтай нығайды. Сонымен қатар мемлекет басшыларына Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының ағымдағы орындалу барысы ұсынылды. Бұл құжатты іске асыру барлық негізгі бағыттар бойынша интеграцияға белгілі бір серпін берді. ЖЕЭК мүшелері ЕАЭО туралы шартқа енгізілген түзетулер бойынша IV Үлкен Хаттамаға қол қойды. Өзгертулер құқықтық реттеудегі олқылықтарды жоюға бағытталған және олар атап айтқанда, техникалық реттеу, электр энергетикасы, бәсекелестік және қаржы нарықтарына қатысты болды. ЕАЭО елдерінің көшбасшыларына Одақта тауарларды таңбалаудың дамығаны туралы айтылды. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында ЕАЭО аясында қызметтердің жекелеген секторлары бойынша ырықтандыру жоспарларын іске асыру туралы баяндама қабылданды. ЕАЭО-да спорт саласындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалды. ЕАЭО-да 2023-2024 жылдардағы қызметтер саудасын реттеу ережелерін сақтау қорытындысы шығарылды. ЖЕЭК отырысында табиғи монополияларды реттеу саласындағы 2024 жылдың қорытындылары ұсынылды. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 2025 жылғы желтоқсанда Санкт-Петербургте өтеді.
26 маусымның 2025 Бақытжан Сағынтаев: «Экономикалық күштердің ұштасуы өзара тиімді ынтымақтастықтың әсерін бірнеше есе күшейтуге қабілетті» Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев 26 маусымда Минскіде өткен Еуразиялық экономикалық форумының «Мемлекетаралық бірлестіктер диалогы: экономикалық күштерді ұштастыру және сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету» атты панельдік сессиясына қатысты. «Интеграция диалогы» – әлемдік экономиканы дамытудың басты трендтерінің бірі. Еуразиялық экономикалық одақты сауда-экономикалық қатынастардың жаһандық жүйесіне енгізудің маңыздылығын Одақтың барлық бес елінің басшылары үнемі атап көрсетіп келеді», – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.  ЕЭК Алқасының басшысы Комиссияның мүше мемлекеттермен бірлесіп жүйелі халықаралық диалог үшін қажетті инфрақұрылым құрғанын атап өтті. Өңірлік мемлекетаралық бірлестіктермен ынтымақтастық туралы 12 меморандум жасалды. Олармен жүргізілген диалог үздік тәжірибе алмасу және сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынын арттыру үшін негіз болады. Комиссия мен Одақ арасындағы байланыстардың кең желісі бүкіл әлемде, соның ішінде Еуразия, Латын Америкасы, Африкада дамыды. Диалог сәтті дамып келе жатқан негізгі серіктестердің қатарына ТМД, ШЫҰ, АСЕАН, МЕРКОСУР, БРИКС, АӨСШК, Анд қауымдастығы, Оңтүстік Американың ортақ нарығы, Африка одағы, Тынық мұхиты альянсы және басқалары жатады.   Серіктестік географиясын кеңейтудің негізгі құралы сауда келісімдері болып табылады. Олар Вьетнаммен, Иранмен, Сербиямен, Қытаймен жасалған. Индонезиямен келісім жасасу туралы келіссөздер соңғы сатыда деуге болады. 27 маусымда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының аясында БАӘ және Моңғолиямен тағы екі сауда келісіміне қол қою жоспарланған. «Бүгінде ЕАЭО басқа ұйымдардың интеграциялық құрылымының оң тәжірибесін қабылдауға ғана мүдделі емес. Құрылған бірлестік бола отырып, біз серіктестерге өзіміздің ең жақсы тәжірибемізді ұсынуға дайынбыз. Біздің экономикалық әлеуетімізді ұштастыру өзара тиімді ынтымақтастықтың әсерін бірнеше есе күшейте алады», – деп түйіндеді ЕЭК Алқасының басшысы.
26 маусымның 2025 Бақытжан Сағынтаев: «ЕАЭО аясында жыл сайын бизнес-құрылымдар бастамаларының 60%-дан астамы қабылданады» Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев 26 маусымда Минскіде өткен Еуразиялық экономикалық форум аясында ЕЭК пен ЕАЭО Іскерлік кеңесінің өзара іс-қимыл жөніндегі Консультативтік кеңесінің отырысына қатысты. «Комиссияның жұмысы тұтастай алғанда біздің елдеріміздің кәсіпкерлерінің Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық әлеуетін барынша тиімді пайдалануы үшін жағдайлар жасауға бағытталған. Біз іскер қоғамдастықпен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз», – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев іс-шараға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде. ЕЭК Алқасының басшысы ЕАЭО аясында қомақты нормативтік-құқықтық база құрылғанын, экономиканың түрлі салаларында ұзақ мерзімді басымдықтар айқындалғанын, бұл бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететінін атап өтті. Бұл ретте Комиссияның Одақ елдерімен бірлесіп қалыптастырған Консультативтік кеңесті қоса алғанда, іскер топтармен өзара іс-қимылы механизмдері олардың мүдделерін барынша ескеруге көмектеседі. «Консультативтік кеңестің құрылуы «бір терезе» аясында кәсіпкерлермен қарым-қатынастың жаңа форматына көшуге ықпал етті. Қазір біздің диалог бизнес сұраныстарына жедел жауап беруге мүмкіндік береді. Осы арқылы жыл сайын Одақ аясында бизнес-құрылым бастамаларының 60%-дан астамы қабылданады және реттеуге енгізіледі», – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев. Отырыс барысында еуразиялық экономикалық интеграцияның өзекті мәселелері, оның ішінде ЕАЭО-ның өнеркәсіптік саясат құралдары туралы іскер топтардың хабардар болу деңгейін арттыру және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды жетілдіру мәселелері талқыланды. Консультативтік кеңес қызметінің мақсаты – ЕЭК-тің құзыретіне кіретін салаларда кәсіпкерлікті дамыту бағыттары мен перспективаларын айқындау бойынша Комиссияның және ЕАЭО Іскерлік кеңесінің тиімді диалогын қамтамасыз ету.  
26 маусымның 2025 Бақытжан Сағынтаев: «ЕАЭО және АӨСШК елдерінің сауда-экономикалық диалогының маңыздылығы артып келеді» Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев 26 маусымда Минскіде өткен Еуразиялық экономикалық форум аясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Бас хатшысы Қайрат Сарыбаймен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында ЕЭК пен АӨСШК арасындағы кейінгі диалог, атап айтқанда, Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру шеңберінде іс-шаралар жоспарын дайындау мәселелері талқыланды. «Біз өзара мүдделерді ескере отырып, бірлескен қызметіміздің барлық перспективалық бағыттарын жоспарға енгіземіз», – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев. Бұл ретте ЕЭК Алқасының басшысы өңірдегі бірлескен бастамаларды ілгерілетуге баса назар аударуды ұсынды. Еуразиялық экономикалық комиссия мен АӨСШК арасындағы ынтымақтастық жаһандық экономикалық процестер жағдайында өзектілігін арттыруда. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты дамыту үшін тұрақты жұмыс байланыстарын қолдауға келісті. ЕЭК пен АӨСШК Хатшылығы арасындағы өзара іс-қимыл туралы меморандумға 2022 жылы қол қойылған болатын.
Тағы да көрсету

Бағыт бойынша материалдар

14 желтоқсанның 2016 ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисянның ЕАДБ конференциясында сөйлеген, «Ведомости» газетінде «Толық интеграцияланбауды еңсеру» атты жарияланған сөзінің тезистері Мен, Еуразиялық кеңістікте әлі іске қосылмаған экономикалық өсудің орасан зор әлеуеті бар деп санаймын. Мен бүгінде құрылған ұлтүсті институты біздің елдеріміздегі экономикалық өсуді мықты ынталандыра алатын негізгі құрал деп ойлаймын. Себебі, біздің негізгі миссиямыз бойынша біз елдерде жинақталған үздік практикаларды қорытуға және халықаралық тәжірибені, Еуропалық одақ тәжірибесін ескере отырып, елдерімізде экономикалық өсуді ынталандыруы тиіс жаңа ұлтүсті институттарын енгізуге тиіспіз. Біздің Одақ шартының негізіндегі аксиоматика мынаны білдіреді: егер біз бірыңғай экономикалық кеңістік құрсақ, тосқауылдар мен шектеулерді, алып қоюларды жойсақ, тауарлардың, қызметтер көрсетудің, капиталдың, жұмыс күшінің еркін қозғалысына жағдай жасасақ, онда осының өзі экономикалық өсу үшін өте елеулі әлеует қамтиды
18 қарашаның 2016 ЕЭК ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі министр Карине Минасянның ТАСС ақпараттық агенттігіне берген сұхбаты: «ЕАЭО-дағы инновациялар тәуекелі көтермеленуі тиіс» 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс жасай бастады, оған бүгінде бес ел кіреді: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей. Егер бұдан 20 жыл бұрын еуразиялық интеграция пайда болған кезде әңгіме сауда ынтымақтастығы туралы болса, қазір күн тәртібі бірте-бірте кеңейді. Қарқынды ақпараттық-технологиялық даму одаққа жаңа сын-қатерлер әкелді. Онлайн-сауданы реттеу, интернет заттары саласындағы заңнама бойынша бірлесе жұмыс істеу, электрондық үкіметтің өзара іс-қимыл жүйесін әзірлеу, тәуекелдік қаржыландыру нарығын құру және жалпы инновацияны бірлесіп дамыту қажеттілігі туды. Сондықтан осы жылы ЕАЭО реттеуші органы Еуразиялық экономикалық комиссия қызметтің жаңа бағытын құрды. Оның негізгі міндеттерінің бірі – бірыңғай цифрлық кеңістік құру, цифрлық технологияларды дамыту. «Еуразиялық апта» форумының қорытындысы бойынша өткен және интеграциялық ынтымақтастықтың жаңа бағытын құрудың бірінші жылдығы қарсаңында Еуразиялық экономикалық комиссияның ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі Алқа мүшесі Карине Минасян ТАСС ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында бұл салада атқарылып жатқан істер туралы айтып берді.​