ЕАЭО елдерінің Үкімет басшылары Еуразиялық экономикалық комиссияның Түрікменстан, Иран Ислам Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері және Үндістан Республикасы бағытындағы «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі бойынша жүзеге асырылатын тасымалдарды «Еуразиялық агроэкспресс» бірлескен интеграциялық жобасына кірістіру жөніндегі ұсынысын қолдады. Еуразиялық үкіметаралық кеңестің тиісті өкімі Алматыда болып өткен отырыс шеңберінде қабылданды.
"Бірқатар көлік маршрутын қайта бағдарлауға байланысты «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің сұранысты болуы айтарлықтай өсті. Жоба шеңберінде Иранға және Үндістанға жасалған пилоттық жөнелтімдер бағыттың тартымдылығын растады. Біздің елдеріміз бұл жерде өзінің транзиттік және экспорттық әлеуетін кеңейту үшін үлкен әлеуетке ие", — деді ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.
Бұл ретте ол «Еуразиялық агроэкспресс» жұмысының алғашқы жылы ішінде жоспарлы көрсеткіштердің асып түскенін айрықша атап өтті. Жоба шеңберінде 2022 жылы барлығы 525,5 мың тонна, соның ішінде 282,9 мың тонна рефрижераторлық жүк тасымалданды. Тауарлар номенклатурасы құс еті мен сиыр етін, құрғақ сүтті, май-тоңмай, жеміс-көкөніс және дән-бұршақ өнімдерін өзіне кірістірді.
"Қытай тарапынан пандемияға байланысты өнім жеткізуге қатысты шектеулер қолданылғанына қарамастан, бұл елге мультимодалдық тасымалдар өте белсенді жүзеге асырылды", — деп атап көрсетті Андрей Слепнев.
Оның сөзінше, әйтсе де, жобаны іске асыру шеңберінде оның тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіретін бірқатар аспекті анықталды. Атап айтқанда, проблема Достык-Алашанькоу және Алтынкөл-Қорғас шекаралық өтпежолы арқылы құрлықтағы теміржол маршруттары бойынша Қытайға мұздатылған өнімдер әкелуге рұқсат алуға қатысты. Бұл Қиыр Шығыстың порттары арқылы мультимодалдық тасымалдармен салыстырғанда жүктерді жеткізудің құны мен уақыты бойынша көрінеу ұтыс берген болар еді.
Осыған байланысты ЕЭК-ке шектеу шараларын жою әрі кедендік және әкімшілік рәсімдерін оңтайландыру бойынша ҚХР-мен уағдаластыққа қол жеткізу мәселесін мүдделі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен пысықтау тапсырылды.
Анықтама
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікті жеделдетілген теміржол және мультимодальдық тасымалдауды жүзеге асыру жөніндегі "Еуразиялық агроэкспресс" бірлескен жобасын іске асыру жөніндегі бастама ЕҮК-тің 2022 жылғы 25 ақпандағы № 3 өкімінде қолдау тапты. Жобаның басымдығы ішкі нарыққа, сол сияқты үшінші елдердің нарықтарына ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік жеткізілімін тұрақты жеделдетіп дамыту болып табылады. Бірлескен жоба дирекциясының функцияларын орындау үшін «Еуразиялық Агрологистика» АКҰ құрылды.