Жаңалықтар

18.12.2023

Андрей Слепнев РӨКО-де ЕАЭО-ның сауда келіссөздерінің барысы туралы ақпарат беріп, сөз сөйледі

Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының (РӨКО) интеграция, сауда-кеден саясаты және ДСҰ комитетінің отырысында сөз сөйледі. Комитет төрағасы Алексей Мордашов атап өткендей, Еуразиялық экономикалық одақтың сауда келіссөздеріне арналған отырыс тақырыптамасы бизнестің еркін сауда аймағының мүмкіндіктерін пайдалану арқылы ынтымақтастықты кеңейтуге деген зор қызығушылығына байланысты таңдап алынды.

Андрей Слепнев, атап айтқанда, Иранмен еркін сауда туралы толық форматты келісім бойынша жұмыстың аяқталғанын, оған қол қою ағымдағы жылғы желтоқсанның аяғына жоспарланып отырғанын айтып берді. "Біз тарифтік ырықтандырудың өршіл көрсеткіштеріне қол жеткіздік: тауарлар номенклатурасының 90%-ы дерлік бажсыз сауданың нысанасы болып табылады. Бұл Иранға экспорт кезінде баждар арқылы жыл сайын 380 млн долларға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді", — деп атап өтті министр.

Ол нарыққа қол жеткізудің бүгінгі таңда әлемде ешкімде жоқ эксклюзивті талаптарынан өзге, біздің елдеріміздің арасындағы өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін салалық ынтымақтастық бөлігіндегі ережелерге назар аударды. "Солтүстік-Оңтүстік" ХКД дамыту тұрғысында жобаларды іске асырудың маңыздылығын ескере отырып, келісімге көлік ынтымақтастығы мен транзит мәселелерін талқылау үшін арнайы алаң құру туралы ережелер енгізілді.

Андрей Слепнев Индонезиямен сауда келіссөздері туралы айта келіп, болып өткен үш раунд жайында әңгімеледі, бұлардың қорытындысы бойынша келісімнің реттеушілік бөлігін келісуде елеулі жақсарысқа қол жеткізілді. "Біз өнеркәсіптік кешен өнімін, бағдарламалық қамтылымды, машина жасау және басқа да салалардың өнімдерін қоса, ЕАЭО әлеуетін жоғары технологиялық экспорттың үлесін ұлғайту тұрғысынан түсінеміз", — деді министр.

Ол Вьетнаммен арадағы қазірдің өзінде қолданылатын келісіммен қатар, Индонезиямен уағдаластық Одақтың АСЕАН елдері нарықтарындағы және бүкіл Азия-Тынық мұхит өңіріндегі сауда-экономикалық позициясын күшейтетінін атап көрсетті. Бұл ретте Индонезиямен сауда көлемін ағымдағы деңгейден 50%-ға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар, бұл, соның ішінде өзі үшін жасалған пұрсаттылықты бизнестің қаншалықты белсенді пайдалана алуына байланысты болады.

"Біріккен Араб Әмірліктеріне келетін болсақ, екі жақтың да сындарлы тәсілдемесінің және сауданың пұрсаттылық режиміне көшудің елеулі пайдасының арқасында біз әріптеспен диалог құруда елеулі табыстарға қол жеткіздік және келіссөздерді жеделдетілген форматта жүргізуге деген мүдделілікті растадық", — деп сөзін жалғады Андрей Слепнев.

ЕАЭО БАӘ-мен келісімнің перспективасын Одақ елдері экспорттаушыларының бүкіл Парсы шығанағы елдеріндегі позициясын нығайтуы ретінде қарайды. Қазірдің өзінде экономикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара іс-қимыл үшін және тараптардың шағын әрі орта кәсіпорындары бойынша алаңдарды қалыптастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

РӨКО комитетінің отырысы барысында климаттық реттеу саласындағы ынтымақтастықтың тәуекелдері мен ықтимал бағыттары тақырыбы бойынша бөлек сөз қозғалды. Сөз ЕАЭО-ның өз ішінде тосқауылдарға жол бермеу туралы, сондай-ақ сыртқы контурда технологиялық трансформация шеңберінде ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін сақтау жайында болды.

"Көрсетілген тәуекелдер анықталғаннан кейін 2023 жылғы маусымда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары Еуразиялық кеңістікте көміртекті реттеудің негізін қалауға тиіс ЕАЭО шеңберінде климаттық күн тәртібінің мәселелерін реттеу жөнінде тәсілдемелер әзірлеу туралы маңызды тапсырма қабылдады", — деп атап көрсетті Андрей Слепнев.