Жаңалықтар

12.09.2023

Бақыт Сұлтанов: "Комиссияның бүгінгі бәсекелестік саясаты өңірлендіруге бағытталған әлемдік үрдістен соң өзгереді"

Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов Бейжіңде (ҚХР) өткен Әділ бәсекелестік саясаты жөніндегі халықаралық форумда сөйлеген сөзінде Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік саясатын дамытуының негізгі бағыттарын айтып өтті.

ЕЭК министрі Қытай ЕАЭО елдерінің басым бөлігімен шекаралас екенін, Еуразиялық экономикалық одақтың маңызды сауда әріптестерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

"2022 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың Қытаймен тауар айналымы 30% дерлік өсті. Экспорт шамамен 40%, ал импорт 20% артты. ЕАЭО-ның Қытаймен сауда көлемі 2022 жылы 200 млрд доллардан асты. Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық комиссия мен Қытай арасындағы бәсекелестік саласындағы ынтымақтастықты арттыра түсу өте маңызды", — деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.

ЕЭК министрінің пікірінше, монополияға қарсы ведомстволардың бәсекелестік саясатын дамыту векторы бейжаһандану мен өңірлендіру әсерінен өзгеруде. Өңірлік интеграциялық бірлестіктер көбірек назарға ілінеді.

Сондай-ақ цифрлық нарықтарда әділ бәсекелестікті қолдауға бағытталған оңтайлы құралдарды іздеу бойынша қарқынды жұмыс жалғасуда.

"Цифрлық орта монополияға қарсы ведомстволар үшін жаңа сын-қатерді білдіреді. Әлемдік деңгейде оны реттеу жөніндегі бастамалар талқылануда. Ұсыныстар әртүрлі және мұқият назар аударуды әрі мұқият зерделеуді қажет етеді", – деп толықтырды ЕЭК министрі.

Форум аясында Бақыт Сұлтанов ҚХР Ұлттық монополияға қарсы бюросының басшысы Гань Линьмен кездесті.

ЕЭК пен Қытайдың монополияға қарсы реттеушісінің өзара іс-қимылын талқылай отырып, Бақыт Сұлтанов бәсекелестік қағидаларын бұзу және тауар нарықтарын зерттеу бойынша тергеп-тексеру жүргізу тәжірибесімен белсенді алмасуды жалғастыру қажет екенін атап өтті.

"Бүгінгі таңда Қытайдың бәсекелестік заңнамасын озық деп атауға болады. Мұнда алғашқылардың бірі болып цифрлық нарықтардағы IT-алыптардың қызметін заңнамалық тұрғыдан реттеу әрекеті жасалды. Біз бұл тәжірибені зерделеп, оның озық жаңартпашылығын кейіннен Одақ құқығына енгізгіміз келеді", – деді Бақыт Сұлтанов.

Кездесу қорытындысы бойынша Комиссия "Бір белдеу – бір жол" бағдарламасы шеңберінде биылғы қазан айында өтетін бәсекелестік бойынша оқу курсына сараптамалық деңгейде қатысуға шақыру алды.

Бүгінгі таңда ЕЭК пен ҚХР-дың бәсекелестік саласындағы өзара іс-қимылы 2018 жылы қол қойылған Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісіммен, сондай-ақ 2021 жылғы Бәсекелестік саясат және монополияға қарсы реттеу саласындағы өзара түсіністік туралы меморандуммен рәсімиленген. ЕЭК Протокол және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі