Жаңалықтар

21.07.2022 (Обновлено: 01.08.2022 10:55)

Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның қаржы нарығы өкілдерімен Еуразиялық интеграцияны дамыту мәселелерін талқылады

21 шілдеде Алматыда Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақытжан Сағынтаевтың қазақстандық қаржы нарығының қатысушыларымен кездесуі болып өтті.

 

Кездесуге Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Қазақстанның Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Елена Бахмутова, банк және сақтандыру секторларының өкілдері, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары қатысты. 

Бақытжан Сағынтаев әріптестерін Комиссияның Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы нарықтары саласындағы жұмысы туралы хабардар етті.

«Қаржы нарықтары саласында интеграцияны жүргізу негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Оның шешімі капитал мен қаржылық қызметтердің Одақ ішінде кедергісіз қозғалысы үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді, инвестициялық және қаржылық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен әртүрлілігін арттырады деп сенемін. Мәселен, банк саласында және сақтандыру саласында стандартталған лицензия институтын енгізу, ал бағалы қағаздар нарығының бағыты бойынша – ортақ биржалық кеңістікті құру бойынша жұмыс жүргізілуде», — деп атап өтті министр.

Ұлттық валюталарды өзара сауда қарым-қатынастарында пайдалануды дамыту процестерін талқылау кезінде кездесуге қатысушылар интеграциялық процестер арқасында ұлттық валюталардағы өзара сауда үлесі одан әрі өсу әлеуетін сақтай отырып, 70%-дан асып түскенін атап өтті.

Бақытжан Сағынтаев «ұлттық валюталардағы өзара есеп айырысудың тұрақты өсуіне қарамастан, мүше мемлекеттер арасында өзара сауда және қаржы ағындарын өсіре түсу қажеттігін» атап көрсетті.

Кездесу барысында қатысушылар Еуразиялық интеграция шеңберінде бұдан арғы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты тереңдету туралы пікір алмасты.