Жаңалықтар

20.03.2024

Бақытжан Сағынтаев пен Владимир Путин ЕАЭО-ны орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада дамытудың басымдықты бағыттарын талқылады

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин 19 наурызда Мәскеудегі келіссөз барысында Еуразиялық интеграциялық күн тәртібінің бірқатар мәселелерін қарады. 

Кездесу басында Бақытжан Сағынтаев Ресейдің одан әрі жан-жақты серпінді дамуының маңыздылығын және оның қазіргі сын-қатерлерді ойдағыдай еңсеруінің маңыздылығын атап өте келіп, Владимир Путинді Президенттік сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтады.

Ресей Президенті, өз кезегінде Бақытжан Сағынтаевты ЕЭК басшысы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, жұмысының жемісті болуына тілектестігін білдірді. 

Бақытжан Сағынтаев интеграциялық бірлестіктің 10 жыл ішіндегі түйінді жетістіктері туралы хабарлады. Атап айтқанда, мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда екі есеге жуық өсті, ал сыртқы сауда 60% артты. Еуразиялық экономикалық одақтың ЖІӨ тек соңғы жылы 2,4 трлн долларға жетіп, 3,8% үстеп қосты. Макроэкономикалық көрсеткіштердің көпшілігі өсу көрсетіп отыр. 

Тараптар Комиссияның алдағы қызметінің негізгі міндеттерін талқылады. Еуразиялық экономикалық одақтың орта мерзімді (2030 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (2045 жылға дейін) дамуы үшін жаңа стратегиялық құжатты – "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясын іске асыру басымдықтардың бірі болады. Бақытжан Сағынтаев стратегиялық бастамаларды орындау жоспарын талқылау бойынша бірлестік мемлекеттерімен келіссөздердің басталғаны туралы хабарлады. 

Одақты және Комиссияның жұмысын дамытудың маңызды перспективалары арасында экономиканы цифрландыру белгіленіп көрсетілген. Тараптар цифрлық технологиялар мен тиісті реформаларды жүргізу экономикалық жағдаятты сапалы өзгертуге көмектеседі деген ортақ пікірде. Басқа да түйінді бағыттардың қатарында – кооперациялық байланыстарды дамыту және қосылған құнның өңірлік тізбектерін қалыптастыру, көлік инфрақұрылымы мен логистиканы жетілдіру, кедендік бақылау бөлігінде тәуекелдерді басқарудың бірыңғай тиімді жүйесін құру тұрады. 

Кездесу шеңберінде Еуразиялық "бестіктің" үшінші елдермен ынтымақтастығын дамыту және ЕАЭО-ның халықаралық аренадағы позициясын нығайту мәселесі бойынша тыңғылықты пікір алмасу болды. Бұл тұрғыда ШЫҰ, АСЕАН, Африка одағы, БРИКС, Тынық мұхит альянсы, Анд қоғамдастығы сияқты жетекші өңірлік бірлестіктермен, БҰҰ-ның бейіндік құрылымдарымен және Ұйымның өзімен, сондай-ақ Қытай, Иран, Вьетнам, Сербия, Индонезия, Сауд Арабиясы, Мысыр, БАӘ сияқты және басқа да бірқатар елмен өзара іс-қимылды дамыту басымдықты болып табылады. 

2024 жылы Еуразиялық экономикалық одақ он жылдығын атап өтеді. Келісссөз қорытындысы бойынша тараптар 8 мамырда Мәскеуде ЕАЭО-ның мерейтойлық саммитін өткізу туралы уағдаласты.