Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақытжан Сағынтаев бұл туралы 28 қыркүйекте Алматыда (Қазақстан) өткен Жоғары деңгейдегі халықаралық дөңгелек үстел отырысында сөйлеген сөзінде айтты. Пікірсайыс зейнетақы жүйелерінің оңтайлы және орнықты модельдерін іздестіруге, сондай-ақ міндетті жинақтаушы және аралас жүйелердің даму перспективаларына арналды.
ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақытжан Сағынтаев дөңгелек үстелге қатысушыларға 2021 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімнің құқықтық қолдану практикасы туралы айтып берді. Ол ЕАЭО елдері қазіргі уақытта еңбекшілерді зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы өзара іс-қимылды Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін пайдалана отырып жүзеге асырылатын электрондық форматқа көшіру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
"Бұл жұмысты аяқтау зейнетақы тағайындау мен төлеуге байланысты барлық рәсімді айтарлықтай оңайлатады, ақпаратты қорғаудың тиісті деңгейін ұстап тұруды қамтамасыз етеді, сондай-ақ азаматтардың зейнетақы тағайындауға және төлеуге арналған өтініштерін қарау мерзімдерін қысқартады", - деп атап көрсетті Бақытжан Сағынтаев.
Іс-шара барысында халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру мәселелерінде барлық мүдделі тараптың ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығы атап өтілді.
Анықтама
Жоғары деңгейдегі халықаралық дөңгелек үстел Алматыда Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының қолдауы аясында өткізілді. Бұл Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 25 жылдығын мерекелеуге орайластырылды.
Іс-шара барысында Швейцария, Чили, Австралия, Қытай, Сауд Арабиясы, Сингапур, Израиль, Уругвай, Канада, Италия және басқа елдердің сарапшыларының, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының, Дүниежүзілік банктің және т.б. өкілдерінің арасында тәжірибе және білім алмасу болып өтті.