Жаңалықтар

04.07.2024

Бақытжан Сағынтаев: «ЕАЭО мен ЭЫҰ арасында тұрақты диалог орнату бірлескен міндеттерді тиімді шешуге ықпал ететін болады»

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев 4 шілдеде Астанада Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) бас хатшысы Хусрав Нозиримен келіссөз жүргізді.

Тараптар өзара қызығушылық тудыратын халықаралық өзара іс-қимылдың бірқатар мәселесін қарастырып, ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады.

Бақытжан Сағынтаев ЕАЭО мен ЭЫҰ қызметтері бағытының ұқсастығын атап өтті. Осыған байланысты ЕЭК Алқасының Төрағасы көлік-логистика инфрақұрылымын құру мен дамытуды, сауда-экономикалық қатынастарды ырықтандыруды, цифрландыру және энергия ресурстары саласындағы ынтымақтастықты қоса, Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестерді ұштастыру бойынша тараптардың қолда бар әлеуетін пайдалануды ұсынды.

«Кез келген интеграциялық процестерді ұштастыру халықаралық бірлестіктерге мүше мемлекеттер экономикасының әлеуетін қосымша ашуға ықпал етеді. ЕАЭО мен ЭЫҰ бірлескен міндеттерді шешу үшін тұрақты диалог орнатуға тиіс», — деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Өзара қызығушылық тудыратын салаларды нақтылау үшін тараптар ЕЭК пен ЭЫҰ Хатшылығы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум жобасын дайындау мүмкіндігін қарауға уағдаласты.

ЕЭК Алқасының Төрағасы тәжірибе алмасудың әртүрлі нысанын белгілеу екі интеграциялық бірлестік елдерінің экономикалық дамуына бағытталған күш-жігерді үйлестіруге ықпал ететініне сенім білдірді.

Бұдан басқа, Бақытжан Сағынтаев Хусрава Нозириді осы жылдың күзінде Ереванда өтетін Еуразиялық экономикалық форумға қатысуға шақырды.

Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) — 1985 жылы құрылған өңірлік мемлекетаралық экономикалық ұйым.

Оған он ел: Ауғанстан, Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. ЭЫҰ жұмысын үйлестіруді ЭЫҰ Хатшылығы жүзеге асырады.