Жаңалықтар

27.11.2024

Малайзияда ЕАЭО және АСЕАН бизнес-диалогы болып өтті

26 қарашада Куала-Лумпурда (Малайзия) "Росконгресс" қоры ұйымдастырған "Мүмкіндіктер әлемі: Ресей-АСЕАН" халықаралық бизнес-форумы шеңберінде ЕАЭО-АСЕАН бизнес-диалогы болып өтті. Еуразиялық экономикалық комиссия атынан ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Эльдар Алишеров өкілдік етті.

"ЕАЭО-ның АСЕАН-мен саудасы екі таңбалы қарқынмен орнықты өсуді көрсетіп отыр, бұл екі бірлестік арасындағы интеграцияаралық және елдік деңгейде көп векторлы диалогты дамыту үшін үлкен әлеуетті білдіреді. Ал бұл процестің түйінді драйвері – іскер топтар болып табылады", – деп атап өтті Эльдар Алишеров.

ЕЭК министрінің сөзінше, ЕАЭО мен АСЕАН-ның бірлескен сарапшылық және бизнес-алаңдары кәсіпкерлер арасында тікелей коммуникация орнатуға, ақпараттық тосқауылдарды жоюға және сенім кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

"Бүгінгі таңда екі бірлестіктің алдында тұрған түйінді міндет – елдеріміздің іскер топтарының өзара іс-қимылына ашық та түсінікті жағдайлар жасау", – деп атап көрсетті Эльдар Алишеров.

ЕЭК министрі ЕАЭО мен АСЕАН-ның жасанды интеллект, жасыл экономика, үлкен деректер экономикасы сияқты салалардағы тәжірибесі мен таңдаулы практикасын зерделеудің маңызды екенін өтті. "Бұған екі бірлестік елдерінің кәсіпкерлері белсенді түрде көмектеседі, олар іс жүзінде қазіргі бар шектеулер мен тосқауылдарды анықтайды, сондай-ақ оларды еңсеру жолдарын табуға тырысады. Бұл ретте бизнес-қоғамдастықтар ынтымақтастығының мейлінше үлкен әлеуеті цифрландыру, өнеркәсіптік ынтымақтастық, азық-түлік қауіпсіздігі, көлік және логистика, қаржы саясаты мәселелеріне шоғырланған", – деп атап көрсетті Эльдар Алишеров.

Іскерлік диалогқа АСЕАН бас хатшысының орынбасары Сатвиндер Сингх, Малайзия халықаралық сауда-өнеркәсіп палатасының тең төрағасы Сангар Кандасами, Малайзияның шағын және орта кәсіпорындары қауымдастығының президенті Уильям Нг, ЕАЭО мен АСЕАН елдерінің іскерлік және сарапшылық топтарының өкілдері қатысты.

Куала-Лумпурда ЕЭК министрі Эльдар Алишеровтың АСЕАН Іскерлік консультативтік кеңесінің төрағасы Удет Суваннавонгпен және Малайзиялық АСЕАН Іскерлік консультативтік кеңесінің төрағасы Назир Разакпен жұмыс кездесулері өтті. Келіссөздер барысында тараптар ЕАЭО мен АСЕАН іскер топтары ынтымақтастығының перспективаларын және АСЕАН-ға Малайзия төрағалық ететін 2025 жылдағы өзара іс-қимылдың түйінді бағдарларын талқылады.

ЕЭК пен АСЕАН арасындағы Экономикалық ынтымақтастық саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға 2018 жылы қол қойылды. Меморандумды іске асыру үшін 2020-2025 жылдарға арналған Ынтымақтастық бағдарламасы қабылданған. Ол кеден заңнамасы және құқық қолдану практикасы, сауда саясаты, кәсіпкерлік қызмет, техникалық және монополияға қарсы реттеу, СФС-шаралар, энергетика, ішкі нарықтың жұмыс істеуі сияқты және басқа салаларды қамтиды.

"Мүмкіндіктер әлемі: Ресей-АСЕАН" халықаралық бизнес-форумы 26-27 қарашада Малайзия астанасы Куала-Лумпур қаласында болып өтті. Екі күн ішінде форум жұмысына 350-ден астам саяси, іскерлік және академиялық топтардың, БАҚ-тың өкілдері, сондай-ақ әлемнің 24 елінен келген сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Ұйымдастырушысы – "Росконгресс" қоры болды. Форум Roscongress International брендімен өткен алғашқы ірі іс-шара болды.

ЕАЭО және АСЕАН бизнес-диалогын Еуразиялық экономикалық комиссия мен Ресей-АСЕАН Іскерлік кеңесі ұйымдастырды.