20 қарашада Астанада Еуразиялық экономикалық комиссия жанындағы Мемлекеттік сатып алу жөніндегі консультативтік комитеттің қатысушылары Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің электрондық цифрлық қолтаңбаларды (ЭЦҚ) және мемлекеттік сатып алуды цифрландыруды өзара тану мәселелерін талқылады.
Іс-шара ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен өтті. Сондай-ақ, отырысқа мемлекеттік сатып алуды реттеу саласында өкілеттіктері бар ЕАЭО елдерінің бейінді мемлекеттік органдарының басшылары арасынан Консультативтік комитет мүшелері қатысты.
ЕЭК министрінің сөзінше, сарапшылық деңгейде қазірдің өзінде мемлекеттік сатып алуда ЭЦҚ-ны өзара тануды қамтамасыз етудің тұжырымдамалық тәсілдемелері әзірленіп, келісілді. "ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алу кезінде бір-бірінің электрондық қолтаңбаларын өзара тану жоспары тиісті Қағидаларды әзірлеуді көздейді. Көптеген тармақ бойынша біз елдермен уағдаластыққа қол жеткіздік. Енді бұл тәсілдемелерді ЭЦҚ-ны өзара тану қағидаларында жайғастыруды жоспарлап отырмыз, оны Алқаға, содан кейін Комиссия Кеңесіне бекітуге ұсынамыз", – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.Бұдан өзге, тараптар ЕАЭО-ның бір мемлекетінің әлеуетті өнім берушілерін "бестіктің" басқа елдерінің мемлекеттік сатып алуына қатысуға жіберуді автоматтандыру мәселелерін, соның ішінде әлеуетті өнім берушілердің біліктілігін растау үшін қажетті ақпарат тізбесін айқындау бөлігінде қарады.
"Біз Одақ мемлекеттерінің мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына талдау жүргіздік. Ол барлық ел үшін әлеуетті өнім берушілерге қойылатын жалпы талаптар да, сатып алу объектісінің ерекшелігіне байланысты қолданылатын арнайы талаптар да бар екенін көрсетті. Сондықтан біз әріптестерімізден әлеуетті жеткізушілерге қойылатын, Одақ құқығында бекітілуі мүмкін бірыңғай талаптарды айқындау жөнінде ұсыныстар сұраттық", – деп атап көрсетті ЕЭК министрі.
Сондай-ақ, отырыста жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша Одақ құқығын реттеу саласынан жекелеген сатып алуды алып тастау мәселесін пысықтау туралы шешім қабылданды, бұлардың арасында сайлау науқандарын өткізу және адвокаттарды жалдау мақсаттарына арналған сатып алу бар.
Жоспарланған іс-шараларды одан әрі іске асыру, сондай-ақ цифрландырудың өзекті мәселелерін талқылау және электрондық сатып алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін қатысушылар веб-порталдардың және электрондық сауда алаңдарының операторларынан сарапшылық топ құру туралы шешім қабылдады. Бақыт Сұлтановтың сөзінше, мүндай топ таяу уақытта құрылады.