Жаңалықтар

28.07.2023

ЕАЭО мен Африка азық түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша ынтымақтастықты дамытуға ниетті

27 шілдеде Санкт-Петербургте «Ресей – Африка» екінші экономикалық және гуманитарлық форумы аясында өткен «ЕАЭО-Африка: ынтымақта тық көкжиегі» сессиясы барысында өзара ынтымақтастықты кеңейту, сауда көлемін ұлғайту, өңірлік бірлестіктер арасындағы интеграциялық диалогты ретке келтіру және ықтимал іскерлік әріптестік белгілерін айқындау негізгі мәселелердің бірі болды.

Еуразиялық экономикалық комиссияның интеграция және макроэкономика министрі Сергей Глазьев 2019 жылы «Ресей – Африка» бірінші форумын өткізгеннен кейін Еуразиялық экономикалық одақтың Африка елдерімен ынтымақтастығы бойынша айтарлықтай ілгерілеудің бар екенін атап өтті. Өзара іс-қимылдың басым салалары ретінде ол ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды, өзара сауда мен инвестицияларды, ақпараттық жүйелердің интеграциясын, техникалық реттеу, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау саласындағы ынтымақтастықты, кәсіпкерлікті дамытуды атады.

Сергей Глазьев атап өткендей, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешу ЕАЭО мен Африка елдерінің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретін қозғаушы күш бола алады.

«ЕАЭО-ның базалық азық-түлік тауарлары мен минералды тыңайтқыштарды өндіру жөніндегі жиынтық мүмкіндіктері іс жүзінде бір миллиардқа жуық адамды тамақтандыруға ресурстар бере алады», - деп атап өтті Сергей Глазьев.

ЕЭК Министрі сонымен қатар африкалық әріптестерінің назарын Комиссияның интеграциялық жобаларды іске асырудағы жетістіктеріне аударды және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бөлігінде тәжірибемен бөлісуге дайын екендігін мәлімдеді. Сонымен қатар, оның айтуынша, Еуразиялық аймақ үшін Африка субөңірлік бірлестіктерінің интеграциялық тәжірибесі қызығушылық тудырып отыр.

«Маңызды жұмыс бөлігінде ең жақсы интеграциялық тәжірибелермен алмасу қызығушылық тудыруы мүмкін. Біз ЕАЭО бірыңғай нарығының қызметінің шарттарын, әсіресе техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану ерекшеліктерін түсіну деңгейін жоғарылата аламыз», - деді Сергей Глазьев.

ЕЭК Министрі үздік интеграциялық тәжірибелермен алмасу тақырыбын дамыта отырып, Африканың цифрлық шешімдерді, әсіресе қаржы саласында пайдалану бойынша көптеген елдердің алдында тұрғанын, бұл ЕАЭО аясында интеграцияны дамыту кезінде практикалық қызығушылық тудыруы мүмкін екенін атап өтті.

ЕЭК Министрі сондай-ақ Африка одағымен диалогтың және Өзара түсіністік туралы меморандумды ұзарту, практикалық жұмысты реттеу және үздік интеграциялық тәжірибелермен алмасу арқылы екі бірлестіктің өзара қарым-қатынасына арналған құқықтық базаны одан әрі дамытудың маңыздылығын мәлімдеді.

Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрінің орынбасары Дмитрий Вольвач өзара сауданың өскенін атап өтті, оның көлемі 2015-2022 жылдар аралығында 60%-ға ұлғайып, 19 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде ЕАЭО елдерінің экспорты 74%-ға, ал импорт 15,5%-ға өсті. Дмитрий Вольвач сауда-экономикалық ынтымақтастықтың пайдаланылмаған әлеуетін анықтауды және оны іске асыру тетіктерін әзірлеуді негізгі міндет деп санайды. Ол сондай-ақ Африка елдерінің еуразиялық интеграцияның күн тәртібіне деген қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтті және ЕЭК пен Африка континентінің негізгі өңірлік халықаралық бірлестіктері арасындағы ынтымақтастықты институционализациялау және меморандумдар жасасу арқылы ЕАЭО-ның елдермен де, халықаралық ұйымдармен де және континенттің бірлестіктерімен өзара іс-қимылының перспективалары туралы айтты.

Орталық Африка мемлекеттерінің экономикалық қоғамдастығы Комиссиясының (ОАМЭҚ) аумақтық даму және инфрақұрылым жөніндегі комиссары Мари Тереза Шанталь Мфула Эджомо қоғамдастықтың қызметі туралы айтып, ЕЭК пен ОАМЭҚ Комиссиясы арасындағы интеграциялық күн тәртібін дамытудың перспективалы бағыттары ретінде Комиссиямен тікелей диалогты ресімдеу және семинар форматында үздік тәжірибелермен алмасу сияқты бағыттарды атап өтті. Ол жасыл экономика саласындағы климаттық күн тәртібі мен жобаларды іске асырудағы жетістіктерге назар аударды, сондай-ақ қоғамдастыққа қатысушы елдердің экономикаларына белсенді инвестиция салуға шақыра отырып, өңірдегі бизнес-климатты жақсарту жөніндегі жоспарларымен бөлісті.


Африка одағы (АО) Комиссиясының серіктестіктерді дамыту және ресурстарды жұмылдыру департаментінің директоры Стив Патрик Лаланде ЕЭК пен АО Комиссиясы арасындағы жұмыс мәселелерінің саны артып келе жатқанын атап өтіп, реттеушілік, инвестициялар тарту, бизнес-қоғамдастықты ақпараттандыру, шағын және орта бизнесті ынталандыру, сондай-ақ білім беруді дамыту саласында неғұрлым белсенді интеграциялық тәжірибе алмасу үшін бірлескен форумдар, көшпелі кездесулер, семинарлар өткізуге шақырды.

Ресей өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының президенті Александр Шохин Еуразиялық экономикалық одақ пен африка өңірі арасындағы сауда жасау индексін жоғары бағалады және ЕАЭО мен Африка елдері арасындағы өзара сауданың өсуін қамтамасыз ету үшін континентте логистикалық базаны белсенді дамытуды ұсынды. Ол сондай-ақ ЕАЭО Іскерлік кеңесінің Африка елдерінің кәсіпкерлік топтарымен ынтымақтастық жөніндегі перспективаларға тоқталды.

Іс-шараның модераторы ерекше тапсырмалар жөніндегі елші, «Ресей – Африка» экономикалық және гуманитарлық форумы хатшылығының басшысы Олег Озеров болды.

Анықтама

Орталық Африка мемлекеттерінің экономикалық қауымдастығы (ОАМЭҚ) 1983 жылы құрылды. Бұл интеграциялық бірлестікке Ангола, Бурунди, Габон, КДР, Камерун, Конго Республикасы, Руанда, Сан-Томе және Принсипи, ЦАР, Чад, Экваторлық Гвинея кіреді. Ұйымның мәлімделген мақсаттары қатысушы елдер арасындағы интеграциялық процестерді дамыту, өздерінің экономикалық күштеріне сүйене отырып, оларды жан-жақты тереңдетуге жәрдемдесу, ортақ нарықты жасауға ілгерілету болып табылады. ОАМЭҚ сонымен қатар бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, терроризм мен қарақшылыққа қарсы күреске, қоғамдастық кеңістігіндегі сайлау процестерін қолдауға қатысады.

Африка одағы (AО) 2002 жылы құрылды. АО-ның мәлімделген мақсаттарының қатарына мүше мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қорғау, бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, континенттегі саяси және әлеуметтік-экономикалық интеграцияны жеделдету, демократиялық принциптер мен институттарды көтермелеу, африка елдерінің әлемдік аренада келісілген тәсілдерін ілгерілету, Африканың жаһандық экономикадағы лайықты рөлін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар жасау жатады.

2021 жылы ЕАЭО-ның Африка елдерімен сыртқы сауда айналымы 21,9%-ға (18,9 млрд. АҚШ доллары), экспорт – 24%-ға (15,4 млрд. АҚШ доллары), импорт – 13,7%-ға (3,5 млрд. АҚШ доллары) артты.

Еуразиялық экономикалық комиссия мен Африка одағының Комиссиясы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға 2019 жылғы 24 қазанда Сочидегі «Ресей – Африка» саммиті аясында қол қойылды.