Жаңалықтар

18.01.2022

ЕАЭО мен Эфиопия ынтымақтастықты дамытудың 2022 жылға арналған жоспарын талқылады

Бұл Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Гоар Барсегян мен Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Алемайеху Тегенудің 17 қаңтарда ЕЭК штаб-пәтерінде болып өткен жұмыс кездесуі барысындағы түйінді мәселе болды.

Гоар Барсегян эфиопия тарапымен өзара іс-қимыл серпінін жоғары бағалай келіп, «Эфиопия – біздің Африкадағы дәстүрлі сауда әріптесіміз. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Эфиопия арасындағы тауар айналымы 2021 жылғы қаңтар-қазанда 2020 жылғы ұқсас кезеңдегі деңгейге қатысты алғанда 4,7 есе артты. 2019 жылы «Ресей – Африка» саммиті барысында айтылған континент елдерімен сауда айналымын екі еселендіру жөніндегі жоспарларға байланысты мұның айрықша маңызы бар», — деп мәлімдеді.
Елші өз кезегінде Эфиопиядан әкелінетін гүлдер, тоқыма, кофе, атбас бұршақ секілді тауарлар ЕАЭО нарығында дәстүрлі түрде сұранысты әрі бәсекеге қабілетті екенін атап өтті. Ол ЕАЭО-ның бірыңғай нарығы ашқан мүмкіндіктерді ескере отырып, Одақтың барлық мемлекетімен диалогты жандандыруды да жақтап сөйледі.

Әңгімелесушілер іскер топтарды, соның ішінде олардың дамушы және азырақ дамыған елдер үшін ЕАЭО-ның тарифтік преференцияларының бірыңғай жүйесін пайдалану мүмкіндігі туралы, сондай-ақ ЕАЭО шеңберіндегі ұлтүсті реттеудің жекелеген аспектілері туралы хабардарлығын арттыру мақсатында ЕЭК пен Эфиопия арасындағы диалогқа қосудың маңыздылығын атап көрсетті.

Гоар Барсегянның пікірінше, ЕАЭО және мүшесінің бірі Эфиопия болып табылатын Афроодақ арасындағы өзара іс-қимылды өсіре түсу үшін елеулі әлеует бар. Бұл әлеуетті ашу үшін ЕЭК пен Африка одағы арасындағы ынтымақтастық бағдарламасының жобасы дайындалды.

Кездесу барысында тараптар Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы, Еуразиялық экономикалық форум, «Ресей – Африка» саммиті және басқа ірі халықаралық пікірсайыс алаңдарында өзара іс-қимылды жалғастыруға дайындықты білдірді.

Анықтама

Эфиопия - халық саны 1 миллиард адамға жуықтайтын, Африканың 55 мемлекетін біріктіретін халықаралық үкіметаралық ұйым – Африка одағы елдері сапына кіреді. Эфиопияның астанасы Аддис-Абеба қаласында орналасқан Африка одағының Комиссиясы (АОК) оның өкілетті органы болып табылады.

2019 жылғы 24 қазанда бірінші «Ресей – Африка» саммиті барысында ЕЭК пен Африка одағы арасында экономикалық ынтымақтастық саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум жасасылды. Африканың өңірлік ұйымдары басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел және «ЕАЭО-Африка: интеграциялық процестер мен ынтымақтастықты дамытудың үрдістері мен перспективалары» сессиясы болып өтті.