3-5 сәуір аралығында Джакартада (Индонезия Республикасы) Еуразиялық экономикалық одақ пен Индонезия Республикасы арасында еркін сауда-саттық туралы келісімді жасасу жөніндегі келіссөздердің бірінші кезеңі өтті.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО елдерінің Индонезиямен өзара саудасы 2021 жылмен салыстырғанда 58%-ға өсті. Еркін сауда-саттық туралы келісім біздің экономикамыздың экспорттық әлеуетін тиімді іске асыру үшін жағдай жасай отырып, тауар айналымының қосымша өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда саясаты департаментінің сауда реттеудің арнайы мәселелері бөлімінің бастығы Антон Цециновский.
Оның пікірінше, бірінші кезеңнің нәтижелері және екі тараптың өзара қолайлы шешімдерді табуға деген ұмтылысы бұдан кейін де динамикалық келіссөздерді жүргізуге оптимистік көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Тиісті уағдаластықтарға қол жеткізу, өз кезегінде, ынтымақтастықты нығайтуға кең қызығушылық танытатын іскер топтардың болжамдарына сәйкес келеді. Осындай өзара іс-әрекеттің көріністерінің бірі «ЕАЭО-Индонезия» Бизнес-диалогы болады, ол Мәскеуде мамыр айының соңына жоспарланған Еуразиялық экономикалық форум аясында мемлекеттік органдар мен компания басшыларының қатысуымен өтеді.
Анықтама
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес 2022 жылғы мамырда ЕАЭО мен Индонезия арасындағы еркін сауда туралы келісім жасасу жөніндегі келіссөздерді бастау туралы шешім қабылдады. 2022 жылдың желтоқсан айында ЕЭК сауда министрі Андрей Слепнев пен Индонезия Республикасының сауда министрі Зулкифли Хасан осындай келіссөздердің басталғаны туралы айтқан болатын.