Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі ет өнімдерін өндіруге арналған ірі қара мал (ІҚМ) етінің жекелеген түрлеріне қатысты кедендік әкелу бажынан босату түрінде тарифтік жеңілдік беру туралы шешім қабылдады.
Бұл арада 2025 жылы осындай тауарларды мынадай көлемде: Армения Республикасы үшін – 9 мың тоннаға дейін, Беларусь Республикасы үшін – 7,5 мың тоннаға дейін, Қырғыз Республикасы үшін – 2,5 мың тоннаға дейін, Ресей Федерациясы үшін – 100 мың тоннаға дейін әкелу мүмкіндігі туралы сөз болып отыр.
"Кедендік-тарифтік реттеу шарасы Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы өңдеуші кәсіпорындардың дайын ет және шұжық өнімдерін өндіруге арналған ет шикізатының тапшылығын толтыруға, осындай өндірістің өзіндік құнын төмендетуге, сондай-ақ дайын өнім бағасының өсуін тежеуге бағытталған", – деп атап өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.
Ол әкелінетін тауардың нысаналы мақсатын уәкілетті орган растаған жағдайда, тек қана өнеркәсіптік өңдеуге және дайын өнімді өндіруге арналған ІҚМ етіне қатысты тарифтік жеңілдік берілетінін атап көрсетті. Мұндай ет шикізаты негізінен ішкі нарықта өндірілетін жоғары сапалы сиыр етіне жатпайды.
Қарастырылып отырған ет шикізатының Одақ елдеріндегі тапшылығы негізінен Латын Америкасы елдері мен Үндістаннан әкелінетін импорттық жеткізілімдер есебінен өтеледі.