Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі ЕАЭО-ның бір мемлекетінен брокерлер мен дилерлерді "бестіктің" басқа елдеріндегі биржалық сауда-саттыққа қатысуға жіберу туралы келісімнің жобасын мақұлдады және оны қол қою үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерден өту үшін Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне жіберді.
Келісім биржалық операциялар үшін брокерлер мен дилерлер шыққан елдерінің уәкілетті органдары берген лицензиялар негізінде жұмыс істей алатын бірыңғай кеңістік құруға мүмкіндік береді. Құжат инвесторлар үшін мүмкіндіктерді едәуір кеңейтеді, ЕАЭО биржалық алаңдарында сауда жасайтын қаржы құралдарының өтімділігі мен тартымдылығын арттырады.
"Бүгінгі Келісім бұрын қабылданған Бағалы қағаздарға рұқсат беру және олардың айналысы туралы келісіммен бірге ЕАЭО шеңберінде ортақ қаржы нарығын және биржалық кеңістікті қалыптастыруға бағытталған", – деп түсіндірме жасады ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов.