Жаңалықтар

20.10.2023

ЕАЭО пұрсаттылықты сауда шеңберінде тауарлардың шығу тегін растаудың оңайлатылған рәсімін пайдалану мүмкіндігін ұзартты

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі еркін сауда туралы келісімдер бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың әріптес елдерінен әкелінетін тауарлардың шығу тегін құжаттамалық растау рәсіміне байланысты оңайлатудың қолданылу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады.

 Бұл арада сөз тарифтік пұрсаттылық алу үшін тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттың көшірмесін (мұндай құжаттың түпнұсқасы кейіннен алты ай мерзімде міндетті түрде ұсынылған жағдайда) пайдалану туралы болып отыр. Тиісті мүмкіндік Комиссия Кеңесінің 2022 жылғы 19 мамырдағы № 85 шешімінде көзделген.

"Шешім кеден органдарына сертификаттарды ұсынудың ағымдағы форматын сақтауға бағытталған, оның артықшылықтарын бизнес-қоғамдастық өкілдері де, реттеушілер де атап өтіп жүр", — деп түсіндірді ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.

Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді және 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі аралықта қолданылатын болады.

Анықтама

ЕЭК Кеңесінің 2022 жылғы 19 мамырдағы № 85 шешіміне сай тарифтік пұрсаттылық алу үшін тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттардың көшірмелерін пайдалану мүмкіндігінің қолданылу мерзімі 2023 жылғы 31 желтоқсанмен шектелген.