Жаңалықтар

06.06.2024

ЕЭК пен Байланыс саласындағы өңірлік қоғамдастық Өзара іс қимыл туралы меморандумға қол қойды

Еуразиялық экономикалық комиссия мен Байланыс саласындағы өңірлік достастық арасындағы өзара іс-қимыл туралы меморандумға ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі министрі Варос Симонян және Байланыс саласындағы өңірлік достастықтың бас директоры Алексей Бородин қол қойды. Салтанатты рәсім 5 маусымда «Еуразиялық цифрлық одақ» тақырыптық отырысын өткізу аясында Минскіде өткен «ТИБО-2024» XXX халықаралық цифрлық форумының алаңында өтті.

Меморандум қауіпсіз цифрлық инфрақұрылымды құру, ЕАЭО және ТМД шеңберінде трансшекаралық сенім кеңістігін қалыптастыру және дамыту, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану және оларды инновациялық дамыту арқылы ақпараттық қоғам құруға жәрдемдесуді көздейді.

Тараптар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ақпаратпен және озық тәжірибемен алмасуды, оның ішінде сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша консультациялар, семинарлар, бірлескен отырыстар, конференциялар, дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шараларды өткізуді, бірлескен талдамалық материалдар мен баяндамалар дайындауды жоспарлап отыр.

Құжатта өзара іс-қимыл жөніндегі жұмыс тобын құру және бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу көзделген.

ЕЭК министрі Варос Симонян Меморандумға қол қою Комиссияның байланыс және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін халықаралық әріптестермен байланысын нығайту жөніндегі кезекті қадамы екенін атап өтті.

«Меморандум шеңберіндегі өзара іс-қимыл біздің цифрлық технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған күш-жігерімізді шоғырландыруға мүмкіндік береді және оларды Одаққа мүше мемлекеттерде және ӨБД-ға қатысушы елдерде енгізуді жеделдетеді», — деді Варос Симонян.

Алексей Бородин сөз кезегінде табысты ынтымақтаса және бірлесе отырып жемісті жұмыс атқаратынына үмітті екенін айтты. «Меморандум негізінде біз цифрлық даму және жаһандық ақпараттық қоғамға интеграциялау саласындағы перспективалық бағыттар мәселелері бойынша тәжірибе алмаса аламыз», — деді ол.

Байланыс саласындағы өңірлік достастық (ӨБД) Достастық мемлекеттерінің байланыс әкімшіліктері 1991 жылғы 17 желтоқсанда ТМД Үкімет басшыларының Кеңесі бекіткен 1992 жылғы 9 қазандағы почта және электр байланысы саласындағы мемлекетаралық қатынастарды үйлестіру туралы келісім негізінде құрған болатын.

ӨБД қызметінің негізгі бағыттары Достастық елдерінің АКТ саласындағы көпжақты өзара тиімді ынтымақтастығын біріздендіру, ТМД-ның ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыруда келісілген іс-қимылдар жүргізу, нормативтік-құқықтық базаны жақындастыру, ақпараттық ресурстармен алмасу, ақпараттық қауіпсіздік мәселесін кешенді шешу, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жаһандық ақпараттық қоғамға табысты шоғырлануын қамтамасыз ету болып табылады.