Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермоловичтің төрағалық етуімен цифрлық нарықтарды және электрондық платформалардың қызметін зерттеу кезінде қолданылатын жалпы тәсілдемелерді қалыптастыруға арналған БКБ форматындағы семинар-кеңес болып өтті. Іс-шара барысында Өзбекстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы байқаушы мемлекет ретіндегі тәжірибесі ұсынылды.
Максим Ермолович Комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі блогы 2024 жылы бірқатар кездесу ұйымдастырғанын, олардың шеңберінде цифрлық нарықтарды монополияға қарсы реттеу мәселелері талқыланатынын, ЕАЭО-ның барлық мемлекетінің тәжірибесін зерделенетінін атап өтті.
ЕЭК министрінің пікірінше, Комиссия Өзбекстан Республикасымен белсенді өзара іс-қимыл жасайды және елдің бәсекелестік пен цифрландыру саласындағы тәжірибесі Одақ үшін елеулі қызығушылық тудырады.
Өзбекстан Республикасы Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Фаррух Қарабаев цифрлық платформаларды монополияға қарсы реттеудің жаңа құқықтық шеңберінің таныстырылымын жасады. Цифрлық платформалардың түрлері, олардың үстем жағдайын анықтау критерийлері және тиісті талаптар мен тыйымдар, Өзбекстанда жүргізілген электрондық сауда алаңдарын алдын ала талдау нәтижелері жан-жақты қаралды. Фаррух Қарабаев монополияға қарсы комплаенс пен монополияға қарсы реттеуді цифрландыруға айрықша назар аударды.
Тараптар нарықтық билікті орнатудың әмбебап критерийлерін және тұтастай алғанда цифрлық платформалардың қызметін бағалау механизмдерін әзірлеу мәселелері бойынша консультациялар форматында бірлескен жұмыс жүргізу туралы уағдаласты. Бұдан өзге, цифрлық салада қосымша құзыреттіліктерді қалыптастыру үшін бірлескен тренингтер мен қызметкерлердің біліктілігін тоғыспалы арттыру жүргізу жоспарланған.
Өткізілген кеңестердің қорытындылары бойынша, сондай-ақ ЕАЭО мемлекеттері мен ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет ретінде Өзбекстан Республикасының зерттеулерін, заңнамасын және құқық қолдану практикасын қосымша талдауды ескере отырып, Комиссия баяндама мен ұсынымдар дайындайды.
Максим Ермолович атап көрсеткендей, "біз елдермен бірлесіп ЕАЭО-да цифрлық нарықтарды реттеудің үндестірілген тәсілдемелерін әзірлеуге тырысатын боламыз".
Семинар-кеңеске Армения Республикасының Бәсекелестікті қорғау жөніндегі комиссиясының, Беларусь Республикасының Монополияға қарсы реттеу және сауда министрлігінің, Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрлігі жанындағы Монополияға қарсы реттеу қызметінің, Федералдық монополияға қарсы қызметтің өкілдері қатысты.
Осы бағыт бойынша жұмысты кешенді талқылау үстіміздегі жылғы 20 қарашаға жоспарланған ЕЭК пен М.В. Ломоносов атындағы ММУ заң факультеті ұйымдастыратын "ЕАЭО кеңістігіндегі цифрлық нарықтар: зерттеудің, монополияға қарсы реттеу мен құқықтық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында жалғастырылатын болады.