Жаңалықтар

27.01.2023

ЕЭК "БРИКС"-тің Жаңа даму банкімен диалогты бастайды

Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын іске асыру және Одаққа мүше мемлекеттер басшыларының ЕАЭО мен "БРИКС"-тің ынтымақтастығын дамыту туралы бастамалары шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссия Жаңа даму банкімен диалогты бастайды.

26 қаңтарда Мәскеуде ЕЭК Алқасы Төрағасының кеңесшісі Владимир Ковалев пен ЖДБ-ның Еуразиялық өңірлік орталығының бас директоры Андрей Бокаревтың кездесуі болып өтті.

ЕАЭО мен "БРИКС"-тің өзара іс-қимылының перспективалық күн тәртібінің көптеген мәселесі сөз болды. Атап айтқанда, екі бірлестіктегі жобалық қаржыландыруға орайлас тәсілдемелер талқыланды.

"Әлемдік экономиканың трансформациясы жағдайында Еуразиялық экономикалық одақ үшін "БРИКС" елдерімен ынтымақтастық айрықша мүдделілік тудырады. Экономикасы дамып келе жатқан елдерде инфрақұрылымдық, логистикалық, энергетикалық жобаларды іске асыру саласындағы таңдаулы практикалармен алмасу тұрғысынан да, сол сияқты ЕАЭО мен "БРИКС"-тің орнықты экономикалық дамуының неғұрлым жаһандық мәселелері бойынша да, Жаңа даму банкімен диалогтың перспективасын көріп отырмыз",- деп атап өтті Владимир Ковалев.

ЕЭК Алқасы Төрағасы кеңесшісінің сөзінше, ЕАЭО мен "БРИКС"-тің төлем-есеп айырысу саласындағы өзара іс-қимылының құралдарын пысықтаудың да маңызды мәні бар.

Владимир Ковалев пен Андрей Бокарев ЕЭК пен Жаңа даму банкінің бірлескен іс-шаралар өткізу мүмкіндігін талқылады. Атап айтқанда, ЖДБ басшылығын 2023 жылғы 24-25 мамырда өтетін Еуразиялық экономикалық форумға қатысуға шақыру жоспарлануда. Бұдан басқа, 2023 жылы Жаңа даму банкі алаңында Еуразиялық экономикалық одақтың таныстырылымы ұйымдастырылуы мүмкін.

Анықтама

Жаңа даму банкін 2014 жылғы шілдеде Форталезаде "БРИКС"-тің VI саммитінде қол қойылған үкіметаралық келісім негізінде "БРИКС" елдері құрды. Банк қызметінің мақсаты — "БРИКС" мемлекеттеріндегі және дамушы елдердегі инфрақұрылымдық жобалар мен орнықты даму жобаларын қаржыландыру. 2021 жылы ЖДБ өз құрамына төрт жаңа қатысушыны: Бангладешті, Мысырды, БАӘ-ні және Уругвайды қабылдады.

ЖДБ-ның жарғылық капиталы $100 млрд құрайды, жазылыс Біріккен Ұлттар Ұйымы мүшелеріне қолжетімді.

ЖДБ-ның Еуразиялық өңірлік орталығы Мәскеуде орналасқан. Еуразиялық өңірлік орталықтың басты функцияларының бірі — бірнеше Еуразиялық мемлекеттің қатысуымен ЖДБ-ның жобаларын іске асыруды қолдау, мемлекеттік және жекеше құрылымдармен ынтымақтастық болып табылады.