Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович 12 қыркүйекте VIII Шығыс экономикалық форумындағы "ЕАЭО – БРИКС: жаңа көпполярлы әлемді қалыптастырудағы рөлі" сессиясында осындай мәлімдеме жасады. Михаил Мясниковичтің сөзінше, БРИКС пен ЕАЭО елдерінің өзара саудасы өсуде. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша тауар айналымы 150 млрд долларды құрады. ЕАЭО елдерінің БРИКС елдеріне экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-дан астам өсті.
"Бұл тауар ағындарының өсе түсетініне сенімдімін, қазіргі заманғы әрі сенімді есеп айырысу жүйелері қажет. Біздің елдеріміздің Қаржы министрліктері мен Орталық банктеріне 2024 жылы Қазанда өтетін бірлестіктің келесі саммитіне қарай ЕАЭО мен БРИКС-ке қатысты осы мәселелерді пысықтауды ұйымдастыруды ұсынамын", — деп атап көрсетті ЕЭК Алқасының басшысы.
Михаил Мясниковичтің сөзінше, Еуразиялық экономикалық одақта ішкі нарық өз өндірісі есебінен негізгі тауарлармен толық қамтамасыз етілген.
"Қазір сапалық көрсеткіштерді жақсарту жолында жұмыс істеу үстіндеміз. Сөз еңбек өнімділігін арттыру, материалдық және энергия сыйымдылығын төмендету туралы болып отыр. Демек, қазіргі заманғы технологияларды ендіру қажет. ЕАЭО мемлекеттері елеулі құзыреттерге ие, бірақ БРИКС елдері компанияларының қатысуы өзара тиімді болуы мүмкін және жаңа тауарлар өндіру процесін жеделдетеді деп пайымдаймыз", – деп сенім білдірді ЕЭК Алқасының басшысы. Ол сондай-ақ Қытай, Үндістан, БРИКС-тің басқа елдерінің компанияларын станок жасау, ірі тоннажды химия, фармацевтика және басқа да салалардағы бірлескен қызметке шақырды.
Михаил Мясникович Комиссия ЕАЭО өндірушілерінің Мысырдағы Ресей өнеркәсіптік аймағын дамытуға пилоттық жоба ретінде қатысуын жоспарлап отырғанын айтты.
"Бұл, қағидатында, шілде айында Санкт-Петербургте өткен Ресей-Африка саммитінде қол жеткізілген келісімдерге сәйкес келеді. ЕАЭО шеңберінде Мысырмен еркін сауда аймағы туралы жеткілікті жоғары дайындық дәрежесі бар келісім осы елмен және басқа Африка мемлекеттерімен ынтымақтастық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді", — деп атап өтті ол.
Бұл ретте ол ЕАЭО-да екі мыңнан астам индустриялық алаң, 500-ге жуық индустриялық парк, 70 айрықша еркін экономикалық аймақ, 100-ден астам озыңқы даму аумағы жұмыс істейтінін атап өтті. Ресейдің Индустриялық парктер қауымдастығының жанында "Индустриялық алаңды таңдау" деп аталатын цифрлық сервис жұмыс істейді, ал Комиссия оны ЕАЭО елдеріне кеңейту бойынша жұмыс жүргізуде. Цифрдың арқасында халықаралық цифрлық экожүйелерді пайдалана отырып, үшінші елдердегі әріптестерді қосу мүмкіндігі ашылады.
"Цифрлық көлік платформаларын өзара ендірмей тұрып, кедендік рәсімдерді орындау үшін құжаттарды цифрландырмай біздің үлкен қашықтықтағы мемлекеттік шекаралар арқылы өтетін тауар қозғалысының логистикасын жеңілдету өте қиын. ЕАЭО шеңберінде бұл мәселелер шешіледі. Үшінші елдермен қиынырақ", — деді Михаил Мясникович.
ЕЭК Алқасының Төрағасы сессияға қатысушыларға экономиканың нақты секторындағы нақты инвестициялық жобалар бойынша идеялармен сөз сөйлеуді ұсынды. Ол сондай-ақ Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко ЕАЭО, БРИКС және ШЫҰ елдерінің саммитін өткізуді ұсынғанын, мұның ынтымақтастықтың нақты жобаларын бастауға мүмкіндік беретінін еске салды. Бұл ұсынысты Шығыс экономикалық форумының қорытынды құжаттарына кірістіруге де болар еді.
Анықтама
"ЕАЭО және БРИКС: жаңа көпполярлы әлемді қалыптастырудағы рөлі" ШЭФ сессиясын Еуразиялық экономикалық комиссия ұйымдастырды, оған қатысуға Қытай және Үнді бизнесі үлкен қызығушылық танытты. Сессияда сондай-ақ Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Алексей Оверчук, Беларусь Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дмитрий Крутой, Үндістан Бизнес альянсының президенті Сэмми Котвани, Қытайдың шетелдегі кәсіпорындарды дамыту жөніндегі қауымдастығының төрағасы Хэ Чжэньвэй, "Ресей темір жолдары" ААҚ бас директорының бірінші орынбасары Сергей Павлов, Ресей Федерациясының Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Владимир Падалко, Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрінің орынбасары Дмитрий Вольвач, Қырғыз өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының президенті Данил Ибраев, РФ.СЭБ аға банкирі Сергей Сторчак сөз сөйледі. ЕЭК Протокол және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі