Жаңалықтар

17.01.2023

ЕЭК албырт тұқымдас балық жемінің жекелеген түрлеріне төмендетілген кедендік бажды қолдану мерзімін ұзартты

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы балық жемінің жекелеген түрлеріне кедендік әкелу бажының 3% мөлшеріндегі төмендетілген ставкасын қолдану мерзімін 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартты. Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінің қолданыстағы ставкасы кедендік құннан 5% құрайды.

"Шешім Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде албырт тұқымдас балықтарды өнеркәсіптік жетілдіріп өсіру көлемін арттыруға, сондай-ақ акваөсіру өнімі өндірісін дамытуға бағытталған", - деп атап өтті ЕЭК Кедендік-тарифтік реттеу және тарифтік емес реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарян.

Ол Комиссия Алқасының 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 8 ұсынымына сәйкес ЕАЭО-да балық шаруашылығы ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуды, балықтың мамандандырылған жемін өндіру бойынша қуаттар құрып, дамытуды сөз ететін акваөсіру саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде шаралар кешенін іске асыру ұсынылғанын еске салды.

Бүгінгі таңда Одақта қазірдің өзінде балық жемін өндіретін тоғыз кәсіпорын іске қосылған, олардың жетеуі Ресей Федерациясында, біреуі Армения Республикасында және біреуі Беларусь Республикасында жұмыс істейді. Бұдан басқа, ағымдағы жылы жылына 25 мың тонна көлемінде жем өндіретін зауыттың бірінші кезегін пайдалануға беру жоспарланған. Соған қарамастан, Одақта жыл сайынғы балық өндірісі көлемін ұлғайтуды ескере келгенде, ішкі өндірістің қазіргі бар жемдік базасы әлі жеткіліксіз.

Балық жеміне қатысты төмендетілген кедендік бажды қолдану мерзімін ұзарту туралы шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап туындайтын құқықтық қатынастарда қолданылады.

 Анықтама

Комиссия Алқасының 2021 жылғы 26 қазандағы № 142 шешіміне сәйкес ЕАЭО БКТ-нің кедендік әкелу бажының кедендік құннан 3% мөлшеріндегі ставкасы қаралып отырған тауарларға қатысты 2022 жылғы 2 қаңтардан бастап 31 желтоқсанға дейінгі аралықта қолданылды.