ЕЭК Алқасының төрағасы Михаил Мясникович пен АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай ресми кездесуде Еуразиялық экономикалық комиссия мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) хатшылығы ынтымақтастығының негізгі бағыттарын, сондай-ақ Еуразиядағы интеграциялық процестердің перспективаларын талқылады. Іс-шара 28 наурызда Комиссияның Мәскеудегі штаб-пәтерінде өтті.
«ЕАЭО мен АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің кең географиясын ескере отырып, біздің ынтымақтастығымыз Еуразияның көп бөлігін қамтиды, бұл айтарлықтай бәсекелестік артықшылық және экономиканың түрлі салаларында тиімді жобаларды іске асыру үшін маңызды алғышарт болып табылады», — деп атап өтті ЕЭК Алқасының төрағасы Михаил Мясникович.
АӨСШК Бас хатшысы Михаил Мясниковичті ұйымды Азиядағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі толық форматты халықаралық ұйымға айналдыру процесі туралы хабардар етті. Бұл туралы шешімді АӨСШК Саммиті барысында 2022 жылғы 13 қазанда ұйымға мүше мемлекеттердің мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары қабылдады және тиісті өтінішке қол қойды. Ол сондай-ақ 2022 жылы басталған конструктивтік өзара қарым-қатынасты жалғастыруға ниет білдірді.
Кездесуге қатысушылар ЕЭК пен АӨСШК арасындағы өзара іс-қимыл туралы меморандум аясында ынтымақтастықты кеңейту жоспарларын талқылады. Бірлескен жұмыстың перспективалық бағыттарының ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды цифрландыру және дамыту, көлік және логистика, экономика және қаржы, азық-түлікпен қамтамасыз ету сияқты салаларда тәжірибе алмасу атап өтілді. Сонвымен қатар аймақтағы экономикалық байланысты және сыртқы сын-қатерлерге төзімділікті арттыруға баса назар аударылды.
ЕЭК Алқасының төрағасы Қайрат Сарыбайды 2023 жылғы 24-25 мамырда Мәскеуде өтетін Еуразиялық экономикалық форумға шақырды.