Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің сарапшыларымен бірлесіп, адамдарды, жолжүкті және қолжүкті қарау (тексеріп қарау) жүйесіне қойылатын бірыңғай типтік талаптарды әзірлеуде. Бұл Одақтың бүкіл сыртқы шекарасында кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде одақтық мемлекеттердің тәсілдемелерін үндестіруге мүмкіндік береді.
"ЕАЭО шеңберінде кедендік реттеуді жетілдіру– 2025-Стратегиясының маңызды бағыттарының бірі. Онда, атап айтқанда, адамдарды, жолжүкті және қолжүкті қарау (тексеріп қарау) жүйесін қоса, Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізу орындарында кедендік инфрақұрылым элементтерін техникалық жарақтандыруға қойылатын типтік талаптарды жетілдіру және біріздендіру туралы тармақ бар", – деп атап өтті ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Максат Мамытканов.Мұндай өткізу деп одақтық және ұлттық заңнамаға сәйкес көліктің кез келген түрімен тауарларды ЕАЭО-ның кедендік аумағына әкелу немесе одан әкету жөніндегі іс-әрекеттер ұғынылады. Кеден органдарының міндеті – Одақ елдері азаматтары үшін қауіп төндіретін тауарларды, сондай-ақ тыйым салуға және шектеуге жатқызылған тауарларды әкелуге және әкетуге жол бермеу.
Әзірге Одақта өткізу пункттерінде адамдарды, жолжүкті және қолжүкті қарау (тексеріп қарау) жүйесіне қойылатын мүше мемлекеттердің барлығы үшін бірыңғай талаптар жоқ. Бұл орайда әрбір ел өз заңнамасына сәйкес жұмыс істейді, сол себепті әуежайларда, теңіз және өзен порттарында, теміржол вокзалдарында, автомобиль терминалдарында – кедендік өткізу пункттері жабдықталған барлық орында елдердің бақылау жүйелеріне қойылған талаптарының әртүрлілігіне байланысты сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін проблемалық жағдаяттар дүркін-дүркін туындап тұрады. Комиссия мен ЕАЭО елдерінің сарапшылары осыны түзеткісі келеді.
Қазірдің өзінде Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының тиісті шешімінің жобасы дайындалды. Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізу орындарында орналасқан кедендік инфрақұрылым элементтерін жайластыру мен техникалық жарақтандыруға қойылатын типтік талаптарды жоғарыда аталған жүйе үстіміздегі жылдың соңына дейін қабылдайды деп күтілуде. Бұл тауарларды кедендік талаптарды бұза отырып заңсыз өткізу тәуекелін азайтып қана қоймай, сонымен бірге шекарада кедендік операцияларды жүргізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.