Еуразиялық экономикалық комиссия ресейлік компания «Фармстандарт-Лексредства» ААҚ-тың жосықсыз бәсекелестік туралы өтінішін қарады.
Өтініш берушінің айтуынша, «ЭСКО-ФАРМ» ЖШҚ (Армения Республикасы) мұрын, құлақ, ауыз қуысы органдарының ауруларын емдеуге арналған кеңінен танымал дәрі-дәрмектердің («Ингалипт», «Каметон», «Фурацилин») сауда атауларына ұқсас «Ингалипт Виалайн», «Каметон Виалайн», «Фурацилин Виалайн» атауларымен парфюмерлік-косметикалық өнімдерді (ауыз қуысының гигиенасы құралдары) сатқан. Мұндай ұқсастық тұтынушыларды осы өнімдердің емдік қасиеттері туралы жаңылыстыруы мүмкін.
Өтінішті қарағаннан кейін Комиссия «ЭСКО-ФАРМ» ЖШҚ-ға ескерту берді. Белгіленген мерзімде компания аталған парфюмерлік-косметикалық өнімдерді (ПКӨ) өндіруді және сатуды тоқтатты. Белгіленген мерзімде барлық ескерту талаптарының орындалуын ескере отырып, Комиссия өтінішті қарауды тоқтатты.
"Өтінішті қарау барысында маркетплейстердегі тауарлардың карточкасында бұл парфюмерлік-косметикалық өнімдерді ринит, тонзиллит, тонзиллит және мұрын, құлақ, ауыз қуысы органдарының басқа да ауруларын емдеу үшін қолдануға болатындығы көрсетілгені анықталды. Алайда, Кеден Одағының «Парфюмерлік-косметикалық өнімнің қауіпсіздігі туралы» техрегламенті ауруларды диагностикалау және емдеу үшін қолданылатын тауарларға қолданылмайды» – деп атап өтті ЕЭК монополияға қарсы реттеу департаменті директорының орынбасары Ольга Королькова.
Сатып алушыларды қорғау және «ЭСКО-ФАРМ» ЖШҚ әрекеттерінің салдарын жою үшін Комиссия Wildberries, Ozon және «Яндекс Маркет» сияқты танымал ресейлік маркетплейстердің өкілдеріне жүгінді. Маркетплейс өкілдері тауарлардың тиісті карточкаларын дереу жауып, жеткізушіге өнімнің емдік қасиеттері туралы ақпаратты жоюды міндеттеді. Осылайша компаниялар ЕЭК-ке Одақтың дәрі-дәрмек нарығындағы адал бәсекелестікті қалпына келтіруге көмектесті.