"Қазақстан Республикасының кәсіби бухгалтерлер палатасы" бухгалтерлердің кәсіби ұйымы (Қазақстан Республикасы), "Еуразиялық сертификатталған көпшілікті бухгалтерлер институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Қазақстан Республикасы), "Қырғызстанның кәсіби бухгалтерлері мен аудиторлары институты" қоғамдық бірлестігі (Қырғыз Республикасы) және «СИПАЕН» мекемесі (Қырғыз Республикасы) үш миллион Ресей рубліне жуық сомада айыппұл төлеуге тиісті болады.
ЕАЭО трансшекаралық нарығындағы жосықсыз бәсекелестік фактілері жөніндегі істерді қарау нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 2023 жылғы 17 қаңтарда осындай шешім қабылдады.
Ресейдің қаржы қызметшілерін оқыту және оларға CIPA/СРА/СРА EURASIA білікті халықаралық сертификатын беру жөнінде қызметтер көрсететін Сертификатталған көпшілікті бухгалтерлер институтының (СКБИ) Комиссияға өтініші тергеп-тексеруге негіз болды.
Іс барысында аталған компаниялардың өз интернет-сайттарында СКБИ қызметінің тоқтатылғаны туралы дәйексіз ақпарат таратқаны анықталды. Бұл ретте өз қызметін өтініш берушінің бренді мен дизайны аясында CIPA сертификаттау бағдарламасының жалғасы және дамуы ретінде беріп отырған. Мұндай іс-әрекеттер көрсетілетін қызметті CIPA/СРА/СРА EURASIA сертификаттарын беру құқығының заңды иеленушісінен сатып аламыз деп сенген тұтынушыларды жаңылыстырды. Осы іс-әрекеттердің салдарынан СКБИ өз клиенттерінің бір бөлігін жоғалтты.
ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Бақыт Сұлтановтың сөзінше, компаниялардың іс-әрекеті ЕАЭО туралы шарттың 76-бабының 2-тармағында тыйым салынған жосықсыз бәсекелестік деп сараланды.
"Алқаның шешімімен бұзушылыққа жол берген компаниялардың әрқайсысына 662 500 рубль мөлшерінде айыппұл тағайындалды. Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзғаны үшін айыппұлды есептеу әдістемесі мен салу тәртібіне сәйкес айыппұлдар аумағында құқық бұзушы тіркелген мемлекеттің бюджетіне төленеді. Яғни бұл айыппұлдар шешім қабылданған күнгі бағам бойынша ұлттық валюталарда Қазақстанның және Қырғызстанның бюджетіне төленеді", - деп атап өтті министр.
Бәсекелестікке қарсы іс-әрекетті тоқтату мақсатында Алқа шешімімен жауапкерлерге интернет-сайттардан шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты алып тастау және болашақта көпшілікті бухгалтерлерді оқыту және сертификаттау бағдарламаларына байланысты көрсетілетін қызметтердің трансшекаралық нарығында жосықсыз мінез-құлықтан аулақ болу тапсырылды.
Алқа шешімі ЕЭК-тің ресми сайтында жарияланған сәтінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.