Жаңалықтар

07.11.2024

Сарапшылар ЕАЭО елдерінде тұтыну бағасының өсуін тұрақтандыру шараларын талқылады

6 қарашада Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде өткен семинарда Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің уәкілетті органдарының өкілдері ЕАЭО елдеріндегі тұтыну бағаларының тұрақтылығын қолдау шараларын талқылады.

Әлемдік бағалардың өсуі, сауда-экономикалық шектеулер және логистикалық жеткізу тізбегін қайта құру жағдайында Еуразиялық "бестік" мемлекеттері инфляция бойынша ұлттық мақсатқа қол жеткізу үшін бағаның өсуін тежеуге бағытталған шаралар қабылдады.

Тұтыну бағасын тұрақтандыру үшін монетарлық реттеушілер соңғы жылдары негізгі ставкаларды жоғары деңгейде ұстады. Одақтың көптеген елінде уәкілетті органдар жекелеген әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын уақытша реттеу, тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортын шектеу, ішкі нарықты молықтыру, сауда үстемелерінің мониторингі, жеңілдетілген кредиттер мен салықтық босаңсыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілеріне субсидиялар беру жөнінде шаралар қабылдады.

ЕАЭО елдерінде қабылданып жатқан шаралардың уақытылығы мен ауқымдылығының арқасында инфляцияның тұрақтануы және баға тұрақтылығының артуы байқалды. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша ЕАЭО елдеріндегі инфляция деңгейі: Арменияда 0,6%, Беларусьта 6,0%, Қазақстанда 8,3%, Қырғызстанда 4,9%, Ресейде 8,6% құрады.

Семинарға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикалық дамуының орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштерді есептеу және олардың сақталуын бағалау жөніндегі жұмыс тобының мүшелері қатысты.

Одақ туралы Шартқа сәйкес ЕАЭО елдерінің экономикалық дамуының орнықтылығын айқындайтын негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің біріне инфляция деңгейі жатады. Комиссия тұрақты негізде Одақ елдеріндегі инфляция деңгейіне мониторинг жүргізеді: https://eec.eaeunion.org/upload/medialibrary/c62/51lifdqd70f5xh16q0rlpl0faaioegi1/Monitoring-pokazateley_-opredelyayushchikh-ustoychivost.pdf.