Жаңалықтар

19.10.2023

ЕЭК-те зияткерлік меншік саласындағы Еуразиялық интеграциялық күн тәртібі талқыланды

18 қазанда ЕЭК штаб-пәтерінде Комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен өткен ЕЭК Зияткерлік меншік жөніндегі консультативтік комитетінің отырысында комитет мүшелері Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай нарығында контрафактілік тауарларға қарсы күрес бойынша құқық қолдану практикасының жыл сайынғы мониторингін өткізу жөніндегі Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысын жоғары бағалады. 

Министрліктер мен ведомстволар өкілдерінің, сондай-ақ Одақ елдері бизнес-қоғамдастығының атап көрсетуінше, мұндай мониторинг нәтижелері бойынша ұсынымдар уәкілетті органдарға контрафактіге қарсы күрес стратегиясын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Комиссияның Экономика және қаржы саясаты блогы өкілдерінің сөзінше, 2022 жылы ЕАЭО мемлекеттерінде зияткерлік меншік саласында 6054 бұзушылық тіркелген. Бұл ретте анықталған контрафактілік тауарлардың көлемі шамамен 8,7 млн бірлікті құрайды, олардың арасында киім мен аяқ киім, ойындар мен ойыншықтар, автомобильдерге арналған қосалқы бөлшектер, баспа және фармацевтикалық өнімдер бар. Комиссия Одақ елдерінің уәкілетті органдарымен бірлесіп, адал өндірушілер мен тұтынушыларды адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жалған нәрселерден қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.

Отырысқа қатысушылар сондай-ақ Комиссия мен ТМД Атқарушы комитеті арасында зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын талқылады.

Бұдан басқа, Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және Одақ тауарлары шығарылған жерлердің атаулары туралы шартты іске асыру, Интернет желісінде зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуына қарсы күрестің келісілген тәсілдемелерін қалыптастыру және басқа да бірқатар мәселелер туралы ақпарат ұсынылды.

Комиссияның 2019-2023 жылдарға арналған талдамалы шолу дайындауы туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, онда зияткерлік меншік саласын дамытудың негізгі әлемдік трендтері зерттеліп, мүше мемлекеттердің заңнамасына салыстырмалы талдау жүргізіледі және тиісті ұсыныстар әзірленетін болады. Бұл талдамалық жұмыстың нәтижелері Одақ елдерінің зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастығын тереңдетуге, зияткерлік меншік объектілерін сақтаудың, қорғаудың және пайдаланудың ұлттық жүйелерін жетілдіруге көмектеседі.

Анықтама

Зияткерлік меншік жөніндегі консультативтік комитет 2012 жылғы 25 қыркүйекте құрылған. Комитет құрамына ЕАЭО мемлекеттері министрліктері мен ведомстволарының басшылары, басшыларының орынбасарлары және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері кіреді. Комитет Комиссия үшін зияткерлік меншік саласындағы ұсынымдар дайындаумен айналысады, консультациялар өткізеді, Одақ елдерінің уәкілетті органдарының өзара іс-қимылы бойынша ұсыныстарға бастамашылық жасайды, басқа да бейіндік мәселелер бойынша жұмыс істейді.