Жаңалықтар

28.08.2024

Георгий Арзуманян: "Жеңіл өнеркәсіпті дамыту және өнеркәсіптік кооперацияны жолға қою – ЕЭК басымдықтарының бірі"

Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Георгий Арзуманян ТМД Экономикалық даму Іскерлік орталығы ұйымдастырған "ТМД ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІБІ" екінші Еуразиялық жеңіл өнеркәсіп көрме-конгресінің жалпы отырысына қатысты.

Отырысқа қатысушылар ЕАЭО мен ТМД жеңіл өнеркәсіп саласының жай-күйін, жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының ішкі нарықтар мен үшінші елдердің нарықтарына шығуына қазіргі бар тосқауылдарды, қазіргі заманғы геоэкономикалық шындық жағдайында экспорттық-импорттық төлемдерді қамтамасыз ету мәселелерін қарады. Іс-шарада интеграциялық бірлестіктердің жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі күн тәртібін ілгерілетудегі тәжірибесі ұсынылды, заңнамалық – құқықтық мәселелерден бастап ірілендірілген жәрмеңке-көрме іс–шараларына дейін әртүрлі ұйымдар іске асыратын бірлескен бастамаларды үндестіру және ұлғайту қажеттігі атап өтілді.

Георгий Арзуманян жеңіл өнеркәсіп Еуразиялық экономикалық одақ елдері үшін орташа мерзімді перспективада өнеркәсіптік ынтымақтастықтың басым бағыты бола отырып, тұтастай алғанда, Одақ мемлекеттерінің көпшілігінде өсудің оң серпінімен сипатталатынын атап өтті.

"Сонымен қатар, сапалы шикізатпен қамтамасыз ету, соның ішінде бастапқы шикізатты қайта өңдеу, химиялық талшықтар мен жіптер өндірісін жолға қою, техникалық тоқыма бұйымдарын дамыту, ЕАЭО аумағында негізгі жабдықтар мен қосалқы материалдардың, бірінші кезекте станоктардың, аз тоннажды химия өнімдері өндірісінің болмауы секілді бірқатар елеулі проблемалар әлі де бар. Бұл мәселелерді шешу елдеріміздің мемлекеттік органдары тарапынан күшейтілген назарды, неғұрлым жүйелі тәсілдемені және кешенді қолдауды талап етеді", — деп атап өтті Георгий Арзуманян.

Оның сөзінше, саланы технологиялық дамыту, еңбек ресурстарының тапшылығы мәселелері және құзыреттілік орталықтарын құру қажеттігі айрықша назар аударуды тілейді.

Пікірсайыс аясында саланы қолдаудың қазіргі бар шаралары бойынша жан-жақты пікір алмасу болды. Атап айтқанда, ЕЭК Өнеркәсіптік саясат департаментінің өкілі ЕАЭО-дағы бірлескен кооперациялық жобаларға қаржылай жәрдемдесудің жаңа ұлтүсті құралы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.