Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында табиғи монополиялар саласындағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жақындастыруға жататын нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі бекітілді. Мемлекет басшылары ЕАЭО елдеріне осы тізбеде көрсетілген ұлттық заңнамаларды толықтыру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.
Тізбе ЕАЭО туралы шарттың № 20 қосымшасында белгіленген табиғи монополиялар салаларындағы қолжетімділікті реттеу қағидаттары мен қамтамасыз ету қағидалары негізінде Комиссия мен Одақ елдерінің уәкілетті органдарының бірлескен жұмысы нәтижесінде жасалды.
Тізбеде теміржол көлігі, отын-энергетика кешені, аэронавигация, сумен жабдықтау және су бұру бөлігіндегі табиғи монополиялар салаларына қатысты, сондай-ақ табиғи монополиялар қызметтерін жатқызу немесе алып тастау және табиғи монополиялар субъектілерінің тізілімін жүргізу жөніндегі нормаларды көздейтін нормативтік құқықтық актілер қамтылған. Одаққа мүше мемлекеттердің 26 құқықтық актісінен тұратын тізбе тараптардан немесе Комиссиядан ұсыныстардың келіп түсуіне қарай толықтырылуы және өзектендірілуі мүмкін.
ЕАЭО елдері алдағы төрт жылда осы тізбе бойынша өз заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізеді деп күтілуде.
«Біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижелері тұтынушыларға ЕАЭО-ға мүше қандай да бір мемлекетке жататынына қарамастан, табиғи монополиялар субъектілерінің қызмет көрсетуі кезінде мемлекеттік реттеудің жалпы тәсілдерін түсінуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ЕЭК энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Қожошев.
ЕЭК министрінің айтуы бойынша жаңа құжат табиғи монополиялар қызметтерін тұтынушылар үшін тең жағдайларды, тауарларды өткізу еркіндігін қамтамасыз етуге, тұтынушылар және реттелетін субъект мүдделерінің тепе-теңдігін сақтауға, сондай-ақ табиғи монополиялар саласындағы бәсекелестікті дамыту үшін жағдайлар жасауға бағытталған.
Анықтама
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің табиғи монополиялар саласындағы заңнамасын үйлестіру жөніндегі тиісті шаралардың жүзеге асырылу реттілігін айқындау жөніндегі іс-шаралар жоспарының (жол картасының) 10-тармағында (2017 жылғы желтоқсанда ЕЭК Кеңесі бекіткен) мүше мемлекеттердің жақындастыруға жататын нормативтік құқықтық актілерінің тізбесін қабылдау көзделген.