Жаңалықтар

15.04.2022

15 сәуірдегі ЕЭК Кеңесі отырысының қорытындылары

Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде 15 сәуірде Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті Төрағасының бірінші орынбасары Арзыбек Кожошевтың төрағалық етуімен өткен көзбе-көз отырыста Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі ЕАЭО елдері экономикаларының орнықтылығын арттыру үшін кедендік-тарифтік шаралардың үшінші топтамасын мақұлдады.

ЕЭК Кеңесінің шешімімен ЕАЭО елдерінің бизнесін қолдау шарасы ретінде Еуразиялық тізілімге орналастырылған тауарлар сараптамасы актісінің қолданылу мерзімі бір жылға ұзартылды.Құжат Комиссияның мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін Тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидалары бойынша қалыптастырылатын Еуразиялық өнеркәсіптік тауарлар тізіліміне тауар туралы мәліметті кірістіру үшін қажет.

ЕЭК Кеңесі Ресей тарапының ұсынысы бойынша ЕАЭО-ның «Энергия тұтынатын құрылғылардың энергетикалық тиімділігіне қойылатын талаптар туралы» техникалық регламентін күшіне енгізу мерзімін 2025 жылғы 1 қыркүйекке ауыстыру туралы шешім қабылдады.

ЕЭК Кеңесі талшық құраушы полиэтилентерефталатты ЕАЭО СЭҚ ТН жеке позициясында бөліп көрсету және оған қатысты кедендік әкелу бажының ставкасын бір жыл мерзімге 0% мөлшерінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

ЕЭК Кеңесі жеке пайдалану үшін тауарлар әкелудің бажсыз шегін 1000 еуроға және 31 кг.дейін арттырды.

ЕЭК Кеңесінің шешімімен кедендік баждарды, салықтарды төлемей-ақ жөндеу және (немесе) техникалық қызмет көрсету және кері әкелу мақсатында азаматтық жолаушылар ұшақтарын ЕАЭО-дан әкету үшін олардың тағы бір түрін арнайы кедендік рәсімге орналастыру мүмкіндігі көзделген.

ЕЭК Кеңесі елдердің тауарлардың өзара саудасында шектеулерді енгізуі және күшін жоюы кезіндегі ЕАЭО мемлекеттері мен Комиссияның өзара іс-қимыл тәртібін бекітті.

ЕЭК Кеңесі тауарлардың кейбір санаттарын кедендік баждар мен салықтарды төлемей-ақ уақытша әкелуді екі жылға дейін арттырды.

ЕЭК Кеңесі кедендік әкелу баждарын төлеу бойынша алты айға дейінгі мерзімге пайызсыз кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсыну үшін жаңа негіз туралы шешім қабылдады.

ЕЭК Кеңесі «Парфюмериялық-косметикалық өнімнің қауіпсіздігі туралы» техрегламентіне өзгерістерді қабылдады.

ЕЭК Кеңесі ЕАЭО техникалық регламенттерін қолдану және талаптарын орындау үшін қажетті Стандарттар тізбесін әзірлеу және қабылдау тәртібінің жаңа редакциясын бекітті.

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі отырысының қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар

— «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің «Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 20 қосымша) 20-тармағының 5-тармақшасына сәйкес ақпарат беру туралы» өкімінің жобасы туралы» шешім.

— «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің «Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне өзгеріс енгізу туралы» шешімінің жобасы туралы» шешім.

— Еуразиялық үкіметаралық кеңестің «Еуразиялық экономикалық комиссияның 2021 жылғы Еуразиялық экономикалық комиссия шешімдері жобаларының реттеуші әсерін бағалауды жүргізу мониторингі жөніндегі жыл сайынғы есебі туралы» өкімінің жобасы туралы

— «Еуразиялық үкіметаралық кеңестің «Еуразиялық экономикалық комиссияның 2021 жыл ішіндегі трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйі және олардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылуының жолын кесу жөнінде қабылданған шаралар туралы жылдық есебі туралы» өкімінің жобасы туралы шешім.

— «Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2016 жылғы 18 қазандағы № 161 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» шешім.

 — Кеден одағының «Парфюмериялық-косметикалық өнімнің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне (КО ТР 009/2011) өзгерістер енгізу туралы» шешім.

—«Балықтардың ұрықтандырылған уылдырықтарының жекелеген түрлеріне қатысты Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу шарты ретінде қабылданған міндеттемелерге сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифі баждарының ставкаларымен салыстырғанда неғұрлым төмен кедендік әкелу баждарының ставкаларын қолданатын тауарлардың және осындай баждар ставкалары мөлшерінің тізбесіне өзгерістер енгізу туралы» шешім.

— «Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің Бірыңғай тауар номенклатурасына және Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифіне, сондай-ақ оларға қатысты кедендік әкелу бажының ставкасын өзгерту туралы шешімді Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі қабылдайтын сезімтал тауарлар тізбесіне талшық құраушы полиэтилентерефталатқа қатысты өзгерістер енгізу туралы» шешім.

— «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2018 жылғы 17 мамырдағы Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін Уақытша келісімге 2022 жылғы 14 наурызда қол қойылған Хаттаманы күшіне енгізу туралы» шешімінің жобасы туралы» шешім.

— «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Индонезия Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісім жасасудың орындылығы туралы мәселені зерделеу жөніндегі бірлескен зерттеу тобы жұмысының қорытындылары туралы» шешім.

— Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы күн тәртібінің жобасы.

— «Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2019 жылғы 8 тамыздағы № 114 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» шешім.

— Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы № 107 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» шешім.

— «Кеден одағы Комиссиясының табиғи сары майға қатысты кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» шешім.

— «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2022-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарлары туралы» шешімінің жобасы туралы» шешім.

ЕЭК Хаттама және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі