Жаңалықтар

02.11.2023

Комиссияның бәсекелестік блогы Армения кәсіпкерлерімен кездесті

2 қарашада Ереванда Армения Республикасының Бәсекелестікті қорғау жөніндегі комиссиясының қолдауымен Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу блогының Қоғамдық қабылдауы болып өтті. ЕЭК өкілдері кәсіпкерлерге өз бизнесін трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестердің заңсыз әрекеттерінен қалай қорғауға, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі мемлекеттік сатып алуға қалай қатысуға болатынын айтып берді.

Іс-шара модераторы ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов болды.

Министр реттеушілер мен бизнестің өзара іс-қимылын монополияға қарсы ведомстволардың күн тәртібін түзету үшін кәсіпкерлерден кері байланыс ала отырып, диалог режимінде құру қажет екенін атап өтті.

"Бүгін біз Қоғамдық қабылдау аясында проблемалық мәселелерді талқылауға, "осал жерлерді" анықтауға және Одақ шегінде бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту үшін оларды шешу жолдарын табуға дайынбыз", – деді Бақыт Сұлтанов.

Кәсіпкерлердің сұрақтары цифрлық нарықтардағы бәсекелестікті шектеу, маркетплейстер тарапынан бағаларды демпингтеу, тауар белгілерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ Одақ елдерінің зияткерлік меншік саласындағы заңнамасын үндестіру жағдайларына қатысты болды.

Бұдан өзге, қатысушылар ЕАЭО елдеріндегі мемлекеттік сатып алу саласын, атап айтқанда Армения кәсіпкерлерінің оларға толық мәнінде және тең қол жеткізуін қамтамасыз етуді талқылады.

"Армения Республикасының өнім берушілері Беларусь пен Ресейдің мемлекеттік сатып алуына қатысады, бірақ олардың көлемі аз. Кәсіпкерлермен Еуразиялық сатып алуға қатысу және кедергісіз қол жеткізу мәселелерін талқылай отырып, біз хабардар болу деңгейін арттырып, сатып алуға бизнесті кеңінен тартамыз деп үміттенеміз", – деді Бақыт Сұлтанов.

Министр қатысушылар назарын Комиссия сайтындағы "Қоғамдық қабылдау" бетінде "Бизнеске көмек" бөлімі бар екеніне аударды. Бөлімде кәсіпкерлерге трансшекаралық нарықтарда бәсекелестік құқық туралы білімдерін өз бетінше тексеруге және арттыруға көмектесетін жаңа енгізілімдер орналастырылған.

Отырыстың екінші бөлігінде ЕЭК сарапшылары кәсіпкерлермен жеке консультациялар жүргізді.