23 қазанда Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович Астанада X Еуразиялық монополияға қарсы форумға қатысты. Өз сөзінде ол Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай бәсекелестік кеңістігін нығайтуға және ЕАЭО-да монополияға қарсы реттеуді үндестіруге бағытталған түйінді стратегиялық міндеттерді белгілеп көрсетті.
ЕЭК министрі Максим Ермоловичтің сөзінше, Еуразиялық экономикалық комиссия 2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақта фармацевтика, косметикалық тауарлар және маркетплейстер нарықтарына монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерінің болуына қатысты секторлық талдау жүргізуді жоспарлап отыр.
"Біз өзіміз үшін 2025 жыл ішінде зерделегіміз келетін жекелеген тауарлардың 17 нарығын анықтап алдық. Бұдан басқа, Одақ экономикасының секторлық талдау жүргізілетін үш секторы айқындалды. Біз халық үшін неғұрлым сезілгіш нарықтар бойынша секторлық талдау жүргізуді жоспарлап отырғанымызды да айта кетейін. Бұл фармацевтикалық нарық, парфюмерлік-косметикалық тауарлар нарығы және цифрлық сауда платформалары нарығы", – деді ЕЭК министрі.
Максим Ермолович Комиссияны монополияға қарсы таңдаулы тәжірибелерді таратудың орталықтандырылған алаңы ретінде пайдаланудың маңыздылығын атап көрсетті. Бұл ЕАЭО-дан тыс жерде тіркелген, бірақ мүше мемлекеттердің нарықтарына ықпалын тигізетін шаруашылық жүргізуші субъектілерге қатысты қолданылған кезде айрықша өзекті.
Бұдан басқа, ЕЭК министрі ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары мен ЕАЭО Соты арасында неғұрлым тығыз өзара іс-қимыл жасау қажеттігін атап көрсете келіп, монополияға қарсы құқық қолдану рәсімдерін жетілдіру мәселесін қозғады. Сот рәсімдерінің тиімділігін арттыру қажеттігі ЕАЭО-дағы бизнес үшін құқықтық ортаның тұрақтылығы мен дұрыс болжануын қамтамасыз етудің түйінді факторы болып табылады.
Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестік саласында ЕЭК жұмысының тиімділігін арттыруға айрықша назар аударылды. Максим Ермолович бәсекелестіктің жай-күйін, әсіресе демпингке қарсы шаралар қолданылатын немесе жоғары шоғырлану байқалатын нарықтарда бастамашыл бағалау функциясын жандандыруды ұсынды. Бұл бәсекелестіктің ықтимал қауіптерін дер кезінде анықтауға және алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Сөз сөйлеу шеңберінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен бірлесіп цифрлық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйін бағалаудың модельдік әдістемесін құру туралы құлақтандырды, ол цифрлық платформалардың нарықтық билігін айқындау критерийлерін және цифрлық сервистердің қызметі туралы ақпаратты ашу механизмдерін әзірлеуді қамтиды. Бұл бағыттың маңыздылығына цифрлық технологиялардың тез дамуы мен платформалардың экономикадағы өскелең рөлі себепші болып отыр.
Сөзін аяқтай келе, Максим Ермолович ағымдағы жылғы 20 қарашада өтетін "ЕАЭО кеңістігіндегі цифрлық нарықтар: зерттеудің, монополияға қарсы реттеу мен құқықтық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның өткізілетіні туралы құлақтандырды. Оның ұйымдастырушылары — ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу блогы мен М.В. Ломоносов атындағы ММУ заң факультеті. Конференция қазіргі заманғы цифрлық экономика жағдайында бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен ережелерін іске асырудың тиімділігі мен ғылыми негізділігін талқылау үшін монополияға қарсы реттеу саласындағы жетекші сарапшыларды, экономистер мен заңгерлерді біріктіруге арналған.