Жаңалықтар

17.08.2023

ЕЭК Министрі Виктор Назаренко мен Росстандарт басшысы Антон Шалаев ЕАЭО да техникалық реттеу және стандарттау саласын дамыту перспективаларын талқылады

16 тамызда Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде ЕЭК Техникалық реттеу министрі Виктор Назаренко мен Техникалық реттеу және метрология жөніндегі Федералды агенттіктің (Росстандарт) басшысы Антон Шалаевтың жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, Одақ аясындағы саудадағы техникалық кедергілерді жою, сонымен қатар Одақ кәсіпорындарының өнімдерін халықаралық нарықтарға жылжыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған техникалық реттеудің бірыңғай жүйесін дамытудың ағымдағы жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

 

Талқыланған негізгі тақырыптардың бірі – Одақта стандарттау саласын дамытудың және техникалық регламенттерді қазіргі мемлекетаралық стандарттардың толыққанды дәлелді базасымен қамтамасыз етудің жүйелі мәселелері болды.

Бүгінгі таңда стандарттау саласын жетілдіруде, әсіресе ЕАЭО техникалық регламенттерінің стандарттар тізбесіне енгізілген зерттеулердің (сынақтардың) жекелеген ведомстволық және жеке әдістемелеріне кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету бөлігінде ЕЭК пен Одақ елдері ерекше назар аударуда. Құжаттардың біршама көлемін Кеңес Одағының уәкілетті органдары қабылдаған болатын.

«2023 жылғы тамыздағы жай-күйі бойынша ЕЭК жүргізген талдаудың нәтижелері бойынша стандарттар тізбесіне енгізілген 473 әдістеменің ішінде тек 162 (34%) құжатқа қолжетімділік қамтамасыз етілгені, 214 (45%) құжаттың қолжетімсіз екені анықталды және 97 (21%) құжатқа қатысты біздің елдердің уәкілетті органдары ақпарат бермеген. Бұл Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарын орындауды едәуір қиындатады. ЕЭК Одақ елдерін стандарттау жөніндегі ұлттық органдармен бірлесіп, осы мәселені мүмкіндігінше шешу шараларын қабылдауда. Бұл жұмысқа КСРО-ның тиісті министрліктерінің мұрагерлері болып табылатын біздің елдеріміздің басқа да ведомстволарын тарту маңызды», - деп атап өтті Виктор Назаренко

Виктор Назаренко мен Антон Шалаев одақтық техрегламенттерді қолдануды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жүйелі жоспарлауға, прогрессивті халықаралық және өңірлік стандарттарды қолдануға ЕЭК Кеңесі жақында бекіткен ЕАЭО-да стандарттау жөніндегі жұмыстарды үйлестіру тәртібі ықпал ететінін атап өтті.

Техникалық реттеу саласының ғана емес, сондай-ақ басқа да салалардың қазіргі заманғы стандарттарға артып келе жатқан қажеттілігі таяу болашақта стандарттау саласында үйлестірілген саясатты жүргізуге көшуді талап етеді.

Кездесуге қатысушылар өлшемдердің біртұтастығын қамтамасыз ету саласын дамыту мәселелерін де талқылады. Жалпы энергетикалық нарықтарды толыққанды құруды, медициналық бұйымдар мен дәрілік заттардың ортақ нарықтарының қызметін, әлеуметтік саланы және еркін сауда саласын дамытуды, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық шараларды сенімді өлшеу нәтижелерін пайдаланудың тиімді тетігінсіз қолдану мүмкін емес. Жоғарыда аталған салалардың ерекшеліктерін ескере отырып, өлшемдердің біртұтастығын қамтамасыз ету жөніндегі ережелер ЕАЭО туралы шарттың жеке қосымшасы болып бөлінгені дұрыс, онда Одақ аясында пайдалануға болатын мүмкіндіктер ғана емес, сонымен қатар өкілеттіктер мен құралдар да жазылатын болады.

 

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында орындалатын өлшеу нәтижелерінің дәлдігі мен дұрыстығын қамтамасыз етуді бақылау жүйесін жетілдіру, сонымен қатар Одақ аясында өлшеу функциялары бар медициналық құрылғыларды өлшеу құралдарына жатқызу тәртібін және Одақтың қолданыстағы актілеріне тиісті өзгерістерді әзірлеудің орындылығы туралы мәселелер қозғалды. Бұл бағытта Росстандарттың метрологиялық институттары мен қызметтерінің тәжірибесі өте пайдалы болмақ.

Кездесу барысында қазіргі экономикалық жағдайларда өнімнің сәйкестік сертификаттары мен декларацияларын бере отырып, тәртіпке келтіру және Одақтың техникалық регламенттерінің сақталуын тиімді мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) қамтамасыз ету арқылы нарықты қауіпті өнімдерден қорғау мәселелері ерекше маңызға ие болатыны атап өтілді. Атап айтқанда, ЕЭК Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының уәкілетті органдарымен бірлесіп Одақ алаңында өздігінен жүретін техниканың көптеген түрлері бойынша декларациялаудан сертификаттауға көшу мәселесін қарауға бастамашылық жасап отыр. Сонымен қатар, жақын арада Ресей Федерациясының тракторлар мен ауылшаруашылық машиналары бойынша сертификаттаудан өздігінен жүретін машиналардың түрін мақұлдауға көшу туралы ұсынысы қарастырылады. Бұл рұқсат құжаттарын беру үшін сертификаттау органдарының жауапкершілігін едәуір арттырады.

Талқыланған тақырыптардың бірі Одаққа мүше мемлекеттердің, ең алдымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің негізгі әріптестерімен

саудадағы техникалық кедергілерді алып тастау мәселелері болды. ТМД елдерімен жұмыс жүргізуде бірыңғай мемлекетаралық стандарттарды (МЕМСТ) қолданудың ерекше маңызы бар. Росстандарт басшысының айтуынша, алыс шетелдерден келген көптеген сауда серіктестері Ресей Федерациясының стандарттау жүйесін мұқият зерттеп, ТМД мемлекетаралық стандарттарын – МЕМСТ және Ресейдің ұлттық стандарттарын - МЕМСТ Р. тікелей қолдану мәселесін талқылауға дайын.

Кездесуге қатысушылар техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органдардың және ЕЭК-тің «ЕАЭО аясындағы цифрлық техникалық реттеу» жобасын іске асыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдары туралы уағдаласты. Бұл ретте ағымдағы жылдың қыркүйек айында Ресей стандарттау институтының алаңында Ресей Федерациясында және ЕАЭО-да стандарттау мен техникалық регламенттерді цифрландыру тұжырымдамасын қарастыра отырып, Ғылыми-техникалық кеңестің кеңейтілген отырысы ұйымдастырылатын болады.