Жаңалықтар

11.07.2023

Одақ мемлекеттерінің өнеркәсіп министрлері «Еуразиялық ИННОПРОМ» бастамасын ұсынды

Еуразиялық экономикалық одақта кооперациялық өнеркәсіптік жобаларды қаржыландырудың жаңа жүйесін іске қосу мәселесі Екатеринбургтегі «ИННОПРОМ» халықаралық көрмесі аясында өткен ЕАЭО елдерінің өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің бесінші отырысының басты тармағы болды.

«Ағымдағы жылдың мамыр айында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте елдеріміздің президенттері қол қойған ЕАЭО туралы шартқа енгізілген өзгерістер бектілігеннен кейін Еуразиялық экономикалық комиссия Одақ бюджетінен өнеркәсіптегі көпжақты жобаларды қаржыландыру бойынша жаңа өкілеттіктерге ие болды. Қазіргі уақытта Комиссия Еуразиялық «бестік» мемлекеттерінің бейінді министрліктерімен бірлесіп мүше мемлекеттердің технологиялық дамуын жеделдететін және біздің елдеріміздің шағын экономикаларына жаңа технологияларды әзірлеуге қолжетімділікті қамтамасыз ететін өнеркәсіптік кооперацияға қаржылай жәрдемдесу механизмін әзірлеуде», — деді Артак Камалян.

Артак Камалянның айтуы бойынша механизмді іске қосу үшін осы жылдың күзінде Одақ мемлекеттерінің премьер-министрлері деңгейінде кооперациялық жобаларды іріктеу және оларды іске асыру кезінде қаржылық көмек көрсету тәртібі туралы ережеге қол қойылатын болады. Құжат жобаларға, қарыз алушыға, қаржы ұйымдарына қойылатын критерийлер мен талаптарды, сондай-ақ процеске қатысушылардың жауапкершілігін және қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды қоса алғанда, субсидиялау механизмінің жұмыс тәртібін анықтайды.

«Жаңа механизмді іс жүзінде енгізу үшін құқықтық негіз құрумен қатар біз «3+» форматындағы интеграциялық жобаларды іздеумен айналысамыз, олардың іске қосылуы біздің «навигаторымыздың» негізі бола алады. Қазір, мүмкіндігінше, субсидиялау бағдарламасына бірінші кезектегі режимде дереу енгізу үшін неғұрлым басым салаларды айқындау маңызды. Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің өнеркәсіп министрліктерінен осы бағытта күш-жігерді белсендіруді сұраймын», — деп атап өтті ЕЭК министрі.

Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңестің отырысы аясында Артак Камалян сонымен қатар 2030 жылға дейін өнеркәсіпті дамытудың жаңа стратегиялық тәсілдерін дайындау барысы туралы айтты (ӨЫНБ 3.0).

2025 жылдан 2030 жылға дейінгі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі мақсаты ЕАЭО мемлекеттерінің өнеркәсіптік мүдделерін іске асыруды үйлестіру үшін стратегиялық вектор мен жағдайлар қалыптастыру болады, бұл әлемдік сын-қатерлерге уақытылы жауап беру үшін қажет.

«Басымдықта алты бағыт болады. Бұл кадрлар, экспорт, технология және өндірісті экологияландыру, сонымен қатар ресурстар, қаржы және салалық даму. Әрбір бағытқа орта есеппен өнеркәсіптік ынтымақтастықтың бес құралы сай келеді. Жобаларды іске асыру кезінде біз қаржыландырудың жаңа тетігін қолданатын боламыз. Барлық бағыттар бойынша бірлескен жұмыс өнеркәсіптік өндіріс көлемі, өзара сауда, өндірістік кооперация индексі және басқалар сияқты нақты индикаторларға қол жеткізумен байланысты болады», — деп түсіндірді Артак Камалян.

Өнеркәсіптік саясат кеңесінің мүшелері бұл тәсілді және құжатты әзірлеудің маңыздылығын мақұлдады, сонымен қатар ӨЫНБ – 2030 тұжырымдамасын толтыру бойынша өз ұсыныстарын берді.

Артак Камалянның айтуынша, 2030 жылға қарай өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,4 есеге артуы тиіс. Тауарлармен өзара сауда жасау көлемі және зерттеулер мен әзірлемелерге арналған шығындар екі есе артады.

Отырысқа қатысушылар Одақ аясындағы технологиялық ынтымақтастықтың болашағын және оны қолдау шараларын, сондай-ақ үшінші елдерде ЕАЭО-ның өнеркәсіптік аймақтарын дамытуға жәрдемдесуді талқылады.

Кездесу нәтижесі бойынша Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің бейінді министрліктерінің басшылары Комиссияның Одақ елдерінде «ИННОПРОМ» өнеркәсіптік көрмесін өткізу тәжірибесін үгіттеу бастамасын қолдады. Әрбір мемлекетте еуразиялық форматта кезектесіп өткізілетін жаңа іс-шара ЕАЭО-ның өнеркәсіптік жетістіктерінің орталық, белгілі көрінісі бола алады. Кездесуге қатысушылар мұндай көрмелер кооперациялық жеткізілімдерді ұлғайтуға, еуразиялық өнеркәсіптің беделін жақсартуға серпін береді, бірлескен кәсіпорындар құруға ықпал етеді деп келісті. Үкімет төрағасының орынбасары – Ресей Федерациясының өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров «ИННОПРОМ» көрмесін 2024 жылы күзде Арменияда өткізуді ұсынды.

ЕАЭО елдерінің Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесі отырысына Үкімет төрағасының орынбасары – Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров, Армения Республикасының Экономика министрі Ваган Керобян, Беларусь Республикасының өнеркәсіп министрі Александр Рогожник, Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Қырғыз Республикасының экономика және коммерция министрі Данияр Амангелдиев, ЕЭК Техникалық реттеу министрі Виктор Назаренко, сондай-ақ Ресей өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының президенті Александр Шохин және Ресей Сауда-Өнеркәсіп палатасының президенті Сергей Катырин қатысты.

Анықтама

«Иннопром» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі Екатеринбургте 2010 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Іс-шара аясында ЕАЭО мемлекеттері мен шет елдердің нақты сектордағы жетістіктері дәстүрлі түрде көрсетіледі.

2019 жылдан бастап Одақтағы өнеркәсіптік өндіріс 7%-ға өсті. Мүше мемлекеттер арасындағы кооперациялық жеткізілім көлемі бір жарым еседен астам артты. Көлік машина жасау (өсім 2,5 есе), тоқыма өнеркәсібі (2 есе), химия өнеркәсібі (85%-ға) және электрондық-оптикалық өнеркәсіп (80%-ға) ең үздік даму қарқынын көрсетті.