Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Төрағасының жанындағы Ғылыми-техникалық кеңес төралқасының сегізінші отырысына қатысушылар ұзақ мерзімді перспективада Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық даму мүмкіндіктерін, мүше мемлекеттердің жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты тереңдетуді және басқа да мәселелерді талқылады. Отырыс III Еуразиялық талдау форумы шеңберінде Еуразиялық ақпараттық-талдау консорциумының (ЕАТК) Үйлестіру кеңесінің қолдауымен Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінің (РХДУ) алаңында өтті.
ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі, Ғылыми-техникалық кеңес төрағасының орынбасары Сергей Глазьев технологиялық және әлемдік шаруашылық салттарының ауысуы жағдайында Еуразиялық интеграцияны одан әрі дамыту мәселелері бойынша мазмұнды баяндама жасады.
"Әлемдік экономикадағы құрылымдық өзгерістер салдарынан өңірлік экономикалық бірлестіктердің маңызы артып келеді. Жаңа әлемсипатта ең үлкен артықшылыққа жасанды интеллект, биогенетикалық инженерия жүйелерінің мүмкіндіктерін, ұйымдастыру және басқару нысандарын, қауіпсіздік тәуекелдерін ескере келіп, қолда бар ресурстарды шебер де жылдам басқара алатындар ие болады", — деп атап өтті Сергей Глазьев. Оның сөзінің таныстырылымы сілтеме бойынша қолжетімді.
ЕАЭО-дағы ғылыми-техникалық дамудың перспективалы бағыттары ішінен ол машина жасаудағы, құрылыстағы, биотехнологиядағы, экономиканы цифрландырудағы және т.б. жаңа технологияларды атады. Қазірдің өзінде олар мүше мемлекеттердің экономикалық дамуының орташа жылдық қарқынының өсуіне үлес қосуда және бұл үрдіс күшейе түседі.
Сергей Глазьев ЕАЭО дамуының түрлі сценарийін ұсынды, соларға сәйкес 2035 жылға қарай ЖІӨ өсу қарқыны 2,2%-дан 5,5%-ға дейін болуы мүмкін.
РХДУ ректоры Олег Ястребов пен РХДУ президент Владимир Филиппов кадрларды сапалы даярлаудың маңыздылығын атап өтіп, әртүрлі интеграциялық бірлестік: БРИКС, ШЫҰ, ТМД және ЕАЭО елдерінен жоғары оқу орындарының өзара іс-қимылының желілік нысандарын құру жөніндегі жұмысты қолдады. Олар сондай-ақ экономика, құқықтану және халықаралық қатынастар саласындағы бағдарламаларды іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.
ЕАТК Үйлестіру кеңесінің төрағасы Николай Бордюжа 23 қазанда III Еуразиялық талдау форумы жұмысының басталатыны туралы құлағдар етті, оның барысында ЕАЭО-дағы интеграциялық процестердің нәтижелілігін арттырудың қосымша механизмдері мен құралдарын талқылау жоспарланып отыр.
"Консорциум аумақтық даму басымдықтарының жүйесін қалыптастыратын және стратегиялық басқару жүйесіндегі ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өңірлерін дамытудың стратегиялық бағдарламасының орнын белгілейтін ЕАЭО-ның кеңістіктікті даму тұжырымдамасын әзірлеуге белсенді қатысуға дайын", — деп атап өтті Николай Бордюжа.
Иран Ислам Республикасы Елшісінің орынбасары Малеки Хоссейн Үлкен Еуразия форматында мықты және тұрақты инфрақұрылым құру, атап айтқанда, "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік артериясын қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Ол жобаны іске асыру үшін осы жылғы 17 мамырда Ресей мен Иран арасындағы "Солтүстік-Оңтүстік" жобасы шеңберінде жасалған Решт – Астара жолының 160 шақырымдық учаскесін бірлесіп салу туралы келісім негіз болатынын атап көрсетті. Жобаның жалпы құны 1,6 млрд еуро құрайды. Учаске құрылысына 1,3 млрд еуро сомасында мемлекетаралық кредит бөлінетін болады. Малеки Хоссейн жобаны іске асыруда тараптардың табандылығына үміт артты.
Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы университетінің профессоры Александр Иванус өз сөзінде материалдық емес активтерді, зияткерлік меншіктің ғылыми-техникалық объектілерін есепке алудың, бағалаудың, сертификаттаудың және шаруашылық айналымға кіргізудің әлемдік үрдістерін сипаттады.
РҒА Қоғамдық ғылымдар жөніндегі ғылыми ақпарат институтының директоры (ҚҒҒАИ) Алексей Кузнецов Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің 250 талдау ұйымын кірістіретін анықтамалықты – Үлкен Еуразия талдау орталықтарының атласын таныстырды. Бұдан басқа, ол осындай ұйымдар сарапшыларының тұрақты жаңартылып отыратын базасын қалыптастыру жоспары туралы айтты.
РФ Үкіметі жанындағы Қаржы университетінің ХЭҚ факультетінің деканы Павел Селезнев Сергей Глазьевтің басшылығымен Еуразиялық интеграцияның базалық кафедрасын құру процесінің басталғаны туралы хабардар етті. Кафедра Одақтың білім беру әлеуетін дамытуға және интеграциялық процестерді танымал етуге ықпал ететін болады.
Отырысқа қатысушылар ынтымақтастықты жалғастыруға, Ғылыми-техникалық кеңестің сарапшылық тобының жұмысында ЕАТК әлеуетін пайдалануға уағдаласты.
Анықтама
Ғылыми-техникалық кеңес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Төрағасының бұйрығымен 2020 жылғы 13 наурызда құрылды. Комиссияның ЕАЭО-ны ғылыми-техникалық дамыту мәселелері жөніндегі консультативтік органы ретінде жұмыс істейді. Құрылымдық жағынан Кеңес төралқасынан және сарапшылық топтан тұрады. Төралқа құрамына Комиссия министрлері және әр мүше мемлекеттен екі адам: ұлттық академияның басшылығы және білім және ғылым саласындағы министрдің орынбасарлары кіреді. Сарапшылық топ Одақ елдері сарапшыларының кең құрамын кірістіреді және осы органның қажетті техникалық сараптама деңгейін қамтамасыз етеді.
Еуразиялық ақпараттық-талдау консорциумы талдамалық топтар өкілдері мен ғалымдардың, соның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді. Консорциум жұмысы Еуразиялық интеграция процестерін тәуелсіз бағалауға, интеграциялық бірлестік деңгейінде шешімдер қабылдау кезінде ескерілуі мүмкін ұсынымдар әзірлеуге бағытталған.