Жаңалықтар

07.02.2023

Контейнерлерге арналған нөлдік кедендік баж 2023 жылдың соңына дейін ұзартылды

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы контейнерлердің жекелеген түрлеріне (ЕАЭО СЭҚ ТН 8609 00 900 9 коды) қатысты нөлдік кедендік әкелу бажының қолданылу мерзімін қоса алғанда 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі аралыққа ұзартты.

"Бажды нөлге түсіру батыстық логистика компанияларының бір бөлігінің кетуінен кейін ЕАЭО-ның контейнер паркінің қысқаруына жол бермеуге бағытталған. Кедендік-тарифтік реттеу шараларының қолданылу мерзімін ұзарту тауарлардың уақытылы жеткізілімін, сондай-ақ Қиыр Шығыс порттары үшін жүктемені қамтамасыз етеді", — деп түсіндірді ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта Одақ аумағында өндірілетін контейнерлерді ЕАЭО елдерінің бизнесі толық көлемінде сатып алады, алайда бұл ретте қолда бар қажеттіліктер толығымен қамтамасыз етілмейді.

Қажетті өзгерістер Комиссияның басқа актілеріне де енгізілетін болады.

Анықтама

ЕАЭО СЭҚ ТН 8609 00 900 9 кіші қосалқы позициясында радиоактивті заттарды тасымалдауға арналған радиацияға қарсы қорғасын жабыны бар контейнерлерді, сондай-ақ ішкі көлемі 42 м3-тен 43 м3-ке дейінгі контейнерлерді қоспағанда, көліктің бір немесе бірнеше түрімен тасымалдауға әдейі арналған және жабдықталған контейнерлер (сұйықтықтарды немесе газдарды тасымалдауға арналған сыйымдылықтарды қоса) сыныпталады.

ЕАЭО БКТ кедендік әкелу бажының контейнерлерге қатысты қолданыстағы ставкасы кедендік құннан 10% құрайды. Комиссия Алқасының 2022 жылғы 12 сәуірдегі № 63 және 2022 жылғы 13 қыркүйектегі № 129 шешімдеріне сәйкес 2022 жылғы 28 наурыздан бастап 2023 жылғы 28 ақпанға дейінгі аралықта 0% мөлшеріндегі баж қолданылады.