Жаңалықтар

26.09.2022 (Обновлено: 03.10.2022 15:45)

Сыни импорт тауарларының жекелеген түрлеріне қатысты баждың нөлдік ставкалары мен тарифтік жеңілдіктер 2023 жылғы наурыздың соңына дейін ұзартылатын болады

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі тараптардың сыни импорт тауарларының жекелеген түрлеріне қатысты кедендік әкелу бажының нөлдік ставкалары мен тарифтік жеңілдіктерді 2023 жылғы наурыздың соңына дейін ұзарту туралы ұсынысын мақұлдады.

Бұл ретте ЕЭК Алқасының құзыретіне жататын бірқатар тауар позициясы бойынша Комиссия Кеңесінің тапсырмасы жөніндегі шешім таяу уақытта қабылданады.

«Көктемде қабылданған кедендік-тарифтік реттеу шараларының оң әсеріне қарамастан, олар бойынша баждарды нөлге түсіру немесе тарифтік жеңілдіктер жарты жылға созылатын жекелеген сезімтал позициялар қалды. Сөз бастапқы тізімдегі тауарлардың төрттен бір бөлігі туралы болып отыр», - деп атап өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.

Атап айтқанда, ұзарту шикізатқа: фармацевтикалық және химиялық өнімдерге, лактарға, бояғыштарға, тоқыма мен теріні өңдеуге арналған құралдарға, желімдер мен крахмалдардың жекелеген түрлеріне, пластмассаларға, резеңкелер мен олардан жасалған бұйымдарға, целлюлозадан жасалған жекелеген бұйымдарға, жүннен, мақтадан және зығырдан жасалған шикізатқа, химиялық жіптерге, иірімжіптер мен талшықтарға қатысты болады. Тізбеге дәрілік заттар, медициналық жабдықтар, зертханалық зерттеуге арналған реагенттер сияқты дайын бұйымдар да кіреді.

Шешім 2022 жылғы 1 қазаннан бастап туындайтын құқықтық қатынастарда қолданылады.

Анықтама

ЕАЭО-ның экономикалық орнықтылығын арттыруға бағытталған бірінші кезектегі қолдау шараларын көрсету және сыртқы қысым жағдайында ішкі нарықты қажетті тауарлармен молықтыру мақсатында бұдан бұрын ЕЭК Кеңесінің 2022 жылғы 17 наурыздағы № 37, 2022 жылғы 5 сәуірдегі № 46, 2022 жылғы 15 сәуірдегі № 76 шешімдері, сондай-ақ ЕЭК Алқасының 2022 жылғы 12 сәуірдегі №63 және 2022 жылғы 19 сәуірдегі № 66 шешімдері қабылданды. Бұл шешімдер тауарлардың кең номенклатурасына (ЕАЭО СЭҚ ТН-ның 1307 коды) қатысты кедендік әкелу бажының ставкаларын 2022 жылғы 30 қыркүйекке дейін нөлге түсіруді көздейді. Шара ЕАЭО-ның бірқатар еліндегі дайын өнімді тұтынушыларға да, сол сияқты импортқа тәуелді өндірушілерге де елеулі қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.