26 желтоқсанда Ленинград облысында (РФ) Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары тергеу жүргізу және арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану немесе қолданбау туралы шешімдер қабылдау кезіндегі ерекше механизмге қатысты бөлігінде ЕАЭО туралы шартқа өзгертулер енгізу жөніндегі хаттаманы мақұлдады.
«Хаттаманың негізгі мақсаты процестің барлық қатысушыларының мүдделерін ескеруге, барынша икемділік бере отырып, ойластырылған және жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін қорғау шараларын қолдану туралы шешімдерді дайындау тәсілдерін жетілдіру болып табылады», – деп атап өтті ЕЭК сауда министрі Андрей Слепнев.
Мәселен, Комиссия Алқасының шараны қолдану туралы шешімі өндірушілерді қорғауды қамтамасыз ету кезінде ЕАЭО-ның жекелеген елдері үшін негізделген тәуекелдерді болғызбауға бағытталған үйлесімді қағидатына жауап беруі тиіс.
Одақ өндірушілері мүше мемлекет қорғау шарасына қатысты вето құқығын қолданған жағдайда келіспеушіліктерді шешудің неғұрлым айқын рәсімін алады. Атап айтқанда ымыралы шешімді іздеу жедел ұйымдастырылатын болады, бұл қорғаныс шарасы күшіне енгенге дейін олар үшін жағымсыз салдарды азайтуға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда ЕАЭО Соты іске қосылады, ал оның қорытындылары шараны қолдану туралы қорытынды шешімде ескеріледі.
Өз кезегінде, тергеу объектісі болып табылатын тауарды тұтынушылар үшін қосымша кепілдіктер көзделген: егер нарықтық жағдай талап етсе, қорғау шарасын енгізе отырып, өндірушілерге тұтынушыларды кемсітуге, тауардың қолжетімділігіне қатысты проблема тудыруға, бағаны негізсіз қымбаттатуға жол бермеу жөнінде ұсынымдар қабылданатын болады.
Тағы бір жаңалық – ЕЭК Алқасының «теріс шешімі» туралы нормалар: егер Алқа мүшелері ұсынылған қорғау шарасына қарсылық білдірсе, бизнес мұндай шешімді қабылдауға негіз болған дәлелдермен танысуға және қажет болған жағдайда ЕАЭО сотында істің нәтижесіне дау айтуға мүмкіндік алады.
«Түзетулер пакетіне демпингтік немесе субсидияланатын импорт тұтастай алғанда Одаққа қауіп төндірмейтін жағдайларда да зардап шеккен мүше мемлекеттің өндірушілерін қорғау құқығын қамтамасыз ететін ережелер де енгізілген. ЕАЭО-ның жекелеген елдерінің аумағында (оқшауланған нарықта) тұтынуға арналған тауарларға қатысты ғана шара енгізуге мүмкіндік беретін әкімшілендіру рәсімі әзірленді, бұл басқа мүше мемлекеттердің бизнесі үшін жағымсыз салдардың туындау ықтималдығын азайтады», – деп түйіндеді Андрей Слепнев.