Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің төрағасы, Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук 12 сәуірде осы жылдың 24-25 мамырында Мәскеуде өтетін Еуразиялық экономикалық форумның ұйымдастыру комитетінің бірінші отырысын өткізді.
Отырысқа Ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары, ЕЭК Алқасының төрағасы Михаил Мясникович, Бағдарламалық комитеттің басшысы, ЕЭК Министрі Андрей Слепнев, ЕЭК Жедел штабының басшысы, Ұйымдастыру комитетінің жауапты хатшысы Данияр Тұрысбеков, ЕЭК Алқасының мүшелері, Одақ елдері министрліктерінің, ведомстволарының өкілдері және форум операторы қатысты.
Ұйымдастыру комитетінің отырысы барысында форумды өткізу тұжырымдамасы бекітілді, оған сәйкес іс-шара бағдарламасында жалпы отырыс, сондай-ақ панельдік сессиялар (барлығы 35 іс-шара) өткізу көзделген. ЕАЭО аясындағы өзара қарым-қатынастың өзекті салалары, яғни ғылыми-техникалық ынтымақтастық, қаржы саласы, өнеркәсіп және АӨК, климаттық күн тәртібі, энергетика, техникалық реттеу және ветеринария, Одақтың ішкі нарығын дамыту, электрондық сауда, кедендік реттеу, өңірлік ынтымақтастық, мемлекеттік сатып алу, статистика және т. б. барынша қамтылды.
Алексей Оверчук іс-шараны аша отырып, форумның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бизнесі мен мемлекеттік органдары арасындағы тікелей диалог пен еуразиялық кеңістікте қолайлы іскерлік ахуал құруға бағытталған жаңа идеяларды талқылау алаңы болуға тиіс екенін атап өтті.
«Алдағы Еуразиялық экономикалық форумның тақырыбы «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» ретінде айқындалды. Ол дүние жүзі жаңа сын-қатерлерге тап болған жағдайда еуразиялық интеграцияны дамыту міндеттеріне толық жауап береді. Форумның мақсаты – көпполярлы әлемде интеграциялық бірлестік ретінде Одақ идеясын насихаттау және еуразиялық кеңістікте кооперациялық байланыстарды жетілдіру», - деді РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары.
Михаил Мясниковичтің айтуы бойынша Еуразиялық экономикалық форумды өткізудің мақсаты – ЕАЭО елдерінің экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту, шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы сенімді байланыстарды қалыптастыру, инвестициялық және инновациялық әлеуеттерді біріктіруден туындайтын синергетикалық әсерге қол жеткізу.
Анықтама
Еуразиялық экономикалық форум Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық саладағы Одақ органдарында, яғни Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте, Еуразиялық үкіметаралық кеңесте және ЕЭК Кеңесінде төрағалық ететін ЕАЭО мемлекетінде кезекпен өткізілетін жыл сайынғы іскерлік іс-шарасы болып табылады. Форум ЖЕЭК-тің 2019 жылғы 1 қазандағы № 16 шешімі негізінде өткізіліп тұрады.
Іс-шара оған мүше мемлекеттер мен үшінші елдердің ірі, орта және шағын бизнес басшыларының, мүше мемлекеттердің бірінші басшыларының, ЕАЭО елдерінің мемлекеттік билік органдарының басшылары мен өкілдерінің, сондай-ақ үшінші елдердің басшылары мен үкімет мүшелерінің, Одақ аясындағы өзара қарым-қатынасты дамытуға мүдделі халықаралық, ғылым және білім беру ұйымдарының өкілдерінің қатысуына бағытталған.
Бірінші Еуразиялық экономикалық форум 2022 жылғы 26 мамырда Бішкекте (Қырғызстан) өткен болатын.