Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында электрондық сауда бойынша вебинар болып өтті, оған БҰҰ Сауда және даму конференциясының (ЮНКТАД), БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) және БҰҰ Халықаралық сауда құқығы комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) өкілдері қатысты.
"Біз іс-шараға қатысушы халықаралық ұйымдардың ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумдар шеңберінде көрсететін сарапшылық көмегін жоғары бағалаймыз. Күн тәртібіне сәйкес біздің алдымызда практикалық-бағдарланған және толымды талқылау тұр. Оның нәтижелері Еуразиялық экономикалық одақтың электрондық сауда саласындағы құқықтарын әзірлеу кезінде пайдаланылатын болады", — деп атап өтті кездесуді ашқан ЕЭК Сауда саясаты департаментінің директоры Владимир Серпиков.
ЕЭК Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу департаменті директорының орынбасары Аскат Беков Комиссияда жүргізілген жұмыспен таныстыра келіп, Одақ бойынша орта есеппен интернет-сауданың жылдық өсімі бүгінде 20-25% құрайтынын, бұған көп ретте Одақта тауарларды Интернеттен сатып алатын тұтынушылар саны артқаны ықпал еткенін айтты.
"Электрондық сауданың қолда бар әлеуетін дамыту мақсатында Комиссия 2020 жылдан бастап ЕАЭО кеңістігінде саланы дамыту үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру бойынша көлемді жұмыс жүргізіп келеді. Одақ елдері Үкіметтері басшыларының 2021 жылғы қарашада қабылдаған жол картасының түйінді бағыттарының бірі — кейіннен екінші деңгейдегі бірқатар актілерді қабылдай отырып, халықаралық келісім жобасын дайындау болып табылады», — деп атап көрсетті ол.
БҰҰ ұйымдарының сарапшылары "e-commerce"-де тұтынушылар құқықтарын қорғау, бәсекелестікті дамыту, электрондық құжаттарды пайдалану, сондай-ақ дербес деректерді қорғау сияқты салалардағы таңдаулы халықаралық практикалар туралы хабардар етті.