Жаңалықтар

26.05.2023

ЕАЭО туралы шартқа енгізілетін түзетулер пакеті қабылданды

25 мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары ЕАЭО туралы шартқа енгізілетін өзгерістерді қамтитын III Үлкен Хаттамаға қол қойды.

III Үлкен Хаттама 2021 жылдың шілдесі мен 2022 жылдың маусымы аралығында жасалды. Оның негізгі мақсаты – құқық қолдану практикасы барысында анықталған құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою, Одақ туралы шартта қолданылатын терминологияны нақтылау, Одақ органдарына техникалық реттеу, фитосанитариялық шаралар, Одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттің мәртебесі, мемлекеттік сатып алу бойынша бірқатар өкілеттіктер беру.

Мысалы, ЕАЭО туралы шартқа Одақтың карантиндік объектілерінің бірыңғай тізбесіне енгізілмеген, бірақ фитосанитариялық қауіп төндіретін зиянды организмдерге қатысты құқықтық реттеуді белгілейтін бірқатар нормалар енгізілген. ЕАЭО туралы шарттың № 3 қосымшасында «трансшекаралық сенім кеңістігі» ұғымының анықтамасы нақтыланды: уәкілетті органдар (G2G) арасындағы өзара іс-қимылдан басқа, енді электрондық құжаттарды, ақпаратты электрондық түрде жасау, жөнелту, беру және алу процесінде шаруашылық жүргізуші субъектілер мен уәкілетті органдар (B2G) арасында өзара қарым-қатынас жасауға болады. Тауарлардың экспорты мен импортына лицензиялар мен рұқсаттар беру қағидаларының күші жойылды деп танылады (III Үлкен Хаттама күшіне енгеннен кейін бұл қағидаларды Комиссия белгілейтін болады). ЕАЭО туралы шарттың № 25 қосымшасы мемлекеттік сатып алуды электрондық форматта өткізу кезінде электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану туралы нормамен толықтырылды.

Енді III Үлкен Хаттама Одақ елдеріне бекітуге жіберіледі.