Жаңалықтар

26.12.2022 (Обновлено: 17.01.2023 16:02)

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Құс етінің және оның өңделген өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламент күшіне енеді

Техникалық регламент ауыл шаруашылығы құсының сою өнімдеріне және құс етінен жасалған өнімдерге қолданылады және оларға бірыңғай терминологияны, сәйкестендіру қағидаларын, қауіпсіздік талаптарын, өндіру, сақтау, тасымалдау, өткізу, кәдеге жарату және таңбалау процестеріне қойылатын талаптарды белгілейді. Құжаттың әзірлеушісі Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрлігі болып табылады. 

Сәйкестікті бағалау құс сою өнімдері үшін - ветеринариялық-санитариялық сараптама, құс етінен жасалған өнім үшін – сәйкестікті декларациялау, балалар тағамына арналған құс етінен жасалған өнім үшін – мемлекеттік тіркеу нысанында белгіленген.

Құс етінің және оны қайта өңдеу өнімдерінің Одақ шеңберіндегі еркін айналысы үшін кедергілерді жою мақсатында техникалық регламентте талаптар, соның ішінде: 

- құс сою өнімдеріндегі ветеринариялық дәрілік заттардың қалдық санының рұқсат етілген мейлінше жоғары деңгейі 50 деп; 

- құс етінен жасалған өңделмеген өнімге суды және тағамдық қоспаларды (фосфаттарды қоса) енгізуге тыйым салу;

- құс етін жібіту кезінде бөлінген ылғалдың массалық үлесінің нормативі (4%-дан аспауы);

- балаларды тамақтандыру үшін құс етінен жасалған өнімдерді өндіруде бірқатар тағамдық қоспаларды (консерванттар мен дәмді күшейткіштерді қоса) және ГМО мен пестицидтері бар шикізатты пайдалануға тыйым салу;

- таңбалауда көрсетілген нақты мәндерден тағамдық құндылық көрсеткіштерінің (ақуыз, май, көмірсулар, қоректігі) жол берілетін ауытқулары;

- құс етінен қайта өңделген өнімді таңбалауда (пайдаланған жағдайда) кез келген тәсіл кезіндегі суды қосу және механикалық жолмен сүйектен ажыратылған құс етін көрсету белгіленген.

Регламентте қажетті стандарт әзірленгенге және оны стандарттар тізбесіне кірістіргенге дейін салқындатылған құс етін сақтау кезінде бөлінетін ылғалдың массалық үлесін бақылау бойынша кейінге қалдырылған норма белгіленген. Сондай-ақ, техникалық регламентке құс етінен жасалған өнімдердің барлық түрін ет және құрамында ет бар топтарға сыныптауды көздейтін өзгерістер әзірлеу көзделген.

Анықтама

Еуразиялық экономикалық одақтың «Құс етінің және оның өңделген өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті (ЕАЭО ТР 051/2021) ЕЭК Кеңесінің 2021 жылғы 29 қазандағы № 110 шешімімен қабылданды.

ЕЭК Алқасының 2022 жылғы 29 қарашадағы № 188 шешімімен ЕАЭО ТР 051/2021-ге стандарттар тізбесі бекітілді, ЕЭК Алқасының 2022 жылғы 19 сәуірдегі № 65 шешімімен ЕАЭО ТР 051/2021-дің 2024 жылғы 30 маусымға дейінгі өтпелі ережелері белгіленді.