Жаңалықтар

19.04.2023

Сергей Глазьев: «Сыртқы күйзелістер ЕАЭО-ға интеграцияны нығайтуға түрткі болды»

Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика министрі Сергей Глазьев 18 сәуірде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі Ресей Федерациясының мемлекеттік думасы комитетінің бастамасымен Одақтар үйінің Октябрь залында өткен 2023 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа ресейдің төрағалық етуінің басымдықтары туралы парламенттік тыңдауда негізгі баяндамашы ретінде сөз сөйледі.

Сергей Глазьев ЕАЭО-дағы істердің ағымдағы жай-күйіне егжей-тегжейлі талдау жасап, өткен кезеңдегі жетістіктерді атап өтті, сондай-ақ ЕАЭО туралы шартты іске асырудың проблемалық мәселелеріне және еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарына тоқталды.

«Сыртқы күйзелістерге реакция, яғни пандемия, Беларуссияға және Ресейге қарсы қолданылған санкциялар интеграция тұрғысынан оң нәтиже берді. 2022 жылы өзара сауда үлесі 2021 жылға қарай 14%-ға және 2020 жылға қарай үштен біріне өсті. Яғни, сыртқы жағдай неғұрлым нашар болса, интеграцияны нығайтуға және өзара сауданы кеңейтуге, бәсекелестік артықшылықтарды біріктіруге, сыртқы күйзелістерге бейімделу үшін бірыңғай экономикалық кеңістікті пайдалануға ынталандыру соғұрлым көп болады. Тауар айналымы өсіп, 2022 жылы шамамен бір триллион долларды құрады, ал импорт пандемияға дейінгі деңгейге оралды», - деп атап өтті Сергей Глазьев.

ЕЭК министрі сонымен бірге сауда құрылымында түбегейлі өзгеріс болғанын да айтты. Еуропалық одақтың рөлі күрт төмендеп, шығыс және оңтүстік серіктестермен сауданың бұрынғыға қарағанда артқаны байқалды. 

«Қытай біздің басты сауда серіктесіміз болды, сауда айналымы 220 миллиард долларға жақындады, Үндістанмен сауда үлесі үш есе өсті, Иранмен сауда үлесі күрт өсті, Түркиямен сауда жасау үлесі екі еседен аса артты», - деп атап өтті Сергей Глазьев.

ЕЭК Министрі ЕАЭО-дағы ресей төрағалығының басымдықтары аясында бірлескен кооперация мен инвестициялар, ЕАЭО ішіндегі ғылыми-техникалық және инновациялық-технологиялық әлеуетті шоғырландыру Одақтың болашақ стратегиялық дамуының драйвері болуға тиіс екенін ерекше атап өтті. Ғылыми-технологиялық дамудың ұзақ мерзімді болжамдарын, бірлескен бағдарламалар мен инвестициялық жобаларды әзірлеуді қоса алғанда, Одақ экономикасының дамуын стратегиялық басқару жүйесін құру қажет. Сергей Глазьев ЕАЭО даму бюджетін қалыптастыруға да тоқталды. 

Іс-шараға парламенттік фракциялардың басшылары, комитеттердің төрағалары, Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының депутаттары, федералдық атқарушы билік органдары мен Федерация субъектілерінің басшылары, Ресей Федерациясы Үкіметі Аппаратының, Еуразиялық экономикалық комиссияның, ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттердің дипломатиялық корпусының, ғылыми қоғамдастықтың өкілдері қатысты.