Жаңалықтар

27.06.2024

ЕАЭО елдері қаржылық қызметтер көрсету саласындағы заңнаманы үндестіруді талқылады

26-27 маусымда Ереванда Еуразиялық экономикалық комиссияның Қаржы нарықтары жөніндегі консультативтік комитетінде ортақ қаржы нарығына қатысушыларға қатысты талаптарды айқындайтын заңнаманы үндестіруге орайлас тәсілдемелер талқыланды. Отырыс ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтановтың төрағалық етуімен өтті.

Жарғылық капитал мен меншікті қаражаттың мөлшерін қоса, нарықтың қатысушыларына қойылатын талаптарды біріздендіру, сондай-ақ кредиттік қатынастарды ресімдеу және ортақ қаржы нарығында қызметтер көрсету кезіндегі трансшекаралық өзара іс-қимыл жайы түйінді тақырыптар болды.

"Банк және сақтандыру секторларында, бағалы қағаздар нарығында заңнаманы үндестіру Одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған. Қаржы нарықтарын реттеу мен қадағалаудың үндестірілген талаптарын белгілеу капиталдың еркін қозғалысы үшін маңызды шарттардың бірі болып табылады", – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.

Консультативтік комитет мүшелері сондай-ақ 2021 жылғы 21 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтермен алмасу тәртібі туралы келісімді іске асыру мәселелерін қарады.

"Келісім қаржы нарықтарына қатысушылар арасындағы трансшекаралық өзара іс-қимылдың құқықтық негізін қалыптастырады, Одақтың басқа мемлекеттерінің аумағында орналасқан банктерге кредиттік ресурстар үшін жүгінген кезде біздің елдеріміздің резиденттеріне тең жағдайды қамтамасыз етеді және әлеуетті қарыз алушылардың кредиттік тәуекелін сәйкестендіру және бағалау үшін қолжетімді құралды ұсынады", – деп атап көрсетті ЕЭК министрі.
Одақ мемлекеттерінің өзара саудасында ұлттық валюталарды пайдалану бойынша ұсынымдар, салық салудың жеңілдетілген режимін ұсынатын оффшорлық аймақтардың ұлттық тізбелерін үндестіру және Ресей Федерациясында брокерлік шоттар ашу талқыланған мәселелердің қатарына болды.