Жаңалықтар

19.12.2023

ЕАЭО елдері Одақ шеңберінде тұқым нарығын дамыту үшін ортақ қағидаларды пайдалануға ұмтылады

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының отырысында ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымының санаттарына, сондай-ақ орап-қаптауы мен таңбалануына қойылатын талаптарды біріздендіру бойынша ұсынымдар қабылданды.

"Құжаттар ЕАЭО мемлекеттері басшыларының тұқым шаруашылығы саласында ұлттық заңнаманы біріздендіру жөнінде қойған міндеттерін іске асыруға орай дайындалған. Біз бүгін базалық талаптарды қабылдадық, бұған елдер сапалы тұқымның ортақ нарығын дамыту үшін өз заңнамасы шеңберінде қосылуға дайын", – деп мәлімдеді ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.

Атап айтқанда, тұқымды сәйкестендіруді қамтамасыз ететін және олардың шығу тегі мен сапасы туралы санаттарға (сортты молықтыру кезеңдеріне, тұқымның көбею кезеңдеріне) және тұқымды пайдаланудың түпмақсатына байланысты мәліметтерді жеткізгіш болып табылатын орап-қаптауының (ыдыстың) түрлері мен сапасына, затбелгіге (заттаңбаға) және ондағы ақпараттың мазмұнына қойылатын талаптарды біріздендірудің жалпы тәсілдемелері ұсынылды.

Комиссия Алқасы тұқым санаттарын біріздендіруге қатысты ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының сорттарын және көбею кезеңдерін (ұрпақтарын) әрі дақыл түрлеріне байланысты тұқым мен көшет материалдары өндірісінің ерекшеліктері мен схемаларын ескере отырып, Одақ шеңберінде тұқымның және көшет материалдарының айналысы кезінде жеміс беретін шекілдеуікті, жеміс беретін сүйекті, жаңғақ жемісті, цитрус тектес, субтропиктік, жидекті, эфир майы алынатын дақылдардың, жүзім мен шайдың көшет материалдарын өсіру кезеңдерін анықтау және сипаттау ұсынылды. Тұқым материалының сынамаларын іріктеу мен себу және отырғызу қасиеттерін бағалау (сараптау) тәртібі, тұқым саудасы, оларды орап-қаптау және таңбалау кезінде мүше мемлекеттерде санаттарды өзара тану ерекшеліктері айқындалған.

"Бұл интеграциялық жұмыс Одақ шеңберінде айналысқа шыққан кезде, тұқым мен көшет материалдарының санаттарын құжаттау кезінде әртүрлі түсіндіруді болғызбауға, сондай-ақ тұқым партияларын орап-қаптауға және таңбалауға қойылатын жалпы талаптар негізінде Одақ нарығында тұқымның еркін саудасы үшін жағдайлар жасауға бағытталған. Аграршылар өз кезегінде сатып алынатын тұқым партиясының сапалық сипаттамалары туралы тәмамды ақпаратқа ие болады", – деп түйіндеді ЕЭК министрі.