Жаңалықтар

01.04.2022

Темирбек Асанбеков: «Газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын реттейтін құжаттарды келісуді жеделдету маңызды"

31 наурызда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым министрі Темирбек Асанбековтің төрағалығымен мұнай және газ жөніндегі консультативтік комитеттің 17-ші отырысы аяқталды, оған еуразиялық «бестіктің» барлық елдерінің өкілдері қатысты. ЕЭК мүше мемлекеттермен бірлесіп дайындаған ЕАЭО-ның мұнай, мұнай өнімдері және газдың ортақ нарықтарын реттейтін құжаттардың негізгі жобалары қаралды.

ЕЭК министрі іс-шараны аша отырып, консультативтік комитет мүшелеріне осы құжаттардың жобаларын белгіленген мерзімдерде оларды Комиссия органдарының қарауына енгізу қажеттігіне байланысты келісуді жеделдетуді ұсынды.

«Қазіргі уақытта Одақтың газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастырудың қағидаттық мәселелерін реттеу және тиісті халықаралық шарттарды дайындауды аяқтау біздің басым міндетіміз болып табылады», – деп атап өтті Темирбек Асанбеков.
Консультативтік комитеттің мүшелері ЕАЭО мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы шарт жобасының, оның ішінде ЕАЭО мемлекеттерінің аумақтарында орналасқан жүйелер бойынша мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жөніндегі қызметтерге қол жеткізудің бірыңғай қағидаларын қамтитын реттелмеген ережелерін талқылады.

Мұнайды мемлекетаралық тасымалдау, құбыржолдарға қол жеткізудің техникалық мүмкіндігі мен кезектілігін айқындау, қол жеткізу шарттары туралы ақпаратты ашу мәселелері қаралды.

Бұдан басқа, консультативтік комитет мүшелері газ саласына қатысты актілердің жобаларын, атап айтқанда, ЕАЭО мемлекеттерінің аумақтарында орналасқан газ тасымалдау жүйелері бойынша газ тасымалдау қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай қағидаларын және ЕАЭО ортақ газ нарығын қалыптастыру шеңберінде газбен биржалық сауда-саттықты жүзеге асыру тәртібін қарады.

Бұл ретте тараптар мүше мемлекеттердің аумақтарында орналасқан Одақтың ортақ газ нарығында газ тасымалдау жүйелері операторлары мен газ тасымалдау жөніндегі қызметтерді тұтынушылардың қатынастарын реттейтін газ тасымалдау жүйелеріне қол жеткізудің бірыңғай қағидаларын іс жүзінде келісті.

Келіссөздер барысында отырысқа қатысушылар қаралған актілер жобаларының бірқатар реттелмеген ережелері бойынша консенсусқа қол жеткізді.

Бірақ, сәуір айына алдын ала жоспарланған кеңес барысында ЕАЭО мемлекеттері энергетика министрлерінің қарауына енгізу туралы шешім қабылданған бірқатар қағидатты келіспеушіліктер қалып отыр.