12 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында ветеринариялық мақсаттағы дезинфекциялау, дезинсекциялау және дезакаризациялау құралдарының айналысын реттеу қағидаларын бекітті.
ЕЭК 2014 жылдан бастап құжатты әзірлеу мен келісуді ЕАЭО елдерінің ветеринария саласындағы уәкілетті органдарымен бірлесіп жүргізді. Ол көрсетілген құралдар айналысын реттеудің барлық саласын қамтиды.
Одақта Қағидалардың қабылдануымен ветеринариялық мақсаттағы дезинфекциялық, дезинсекциялық және дезакаризациялық құралдарды тіркеудің бірыңғай рәсімдері, олардың сапасына, тиімділігі мен қауіпсіздігіне қойылатын бірыңғай талаптар және оларды бағалау критерийлері, осы құралдардың ЕАЭО-ның кедендік аумағындағы айналысын бақылау-қадағалау қызметінің бірыңғай қағидалары мен рәсімдері белгіленеді. Бұл Одақтың ортақ нарығының жұмыс істеуі мен дамуы үшін бұдан да қолайлы жағдайлар жасайды.
Осы уақытқа дейін аталған құралдар айналысының барлық қыры ұлттық заңнамамен реттелгенін, бұл ЕАЭО-ның ортақ нарығының тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей келгенін атап өткен жөн. Қабылданған құжат Одақта ветеринариялық мақсаттағы дезинфекциялау, дезинсекциялау және дезакаризациялау құралдарының айналысы үшін бұдан да қолайлы және транспарантты жағдайлар жасайды.
ЕЭК Кеңесінің шешімімен өтпелі кезеңдер белгіленген. Атап айтқанда, ЕАЭО Қағидалары 2027 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енетіні айқындалған.
Ветеринариялық мақсаттағы дезинфекциялау, дезинсекциялау және дезакаризациялау құралдарының тіркеу куәліктері және 2027 жылғы 1 қыркүйекке дейін берілген осындай құралдарды айналысқа шығару үшін қажетті өзге де құжаттар Одақ елдерінің заңнамасына сәйкес белгіленген мерзімдер ішінде жарамды болады, бірақ 2032 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірілмеуге тиіс. ЕАЭО мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес тіркелген көрсетілген құралдардың тіркеу дерекнамалары 2032 жылғы 31 желтоқсанға дейін Одақтың Қағидаларына сәйкес келтірілуге тиіс.
Бұдан басқа, Қағидаларға сәйкес 2032 жылғы 31 желтоқсанға дейін ЕАЭО-да одақтық елдердің заңнамасына сәйкес 2027 жылғы 1 қыркүйекке дейін тіркелген ветеринариялық мақсаттағы дезинфекциялық, дезинсекциялық және дезакаризациялық құралдардың айналысына жол беріледі. Сондай-ақ ЕАЭО Қағидаларында көзделген тәртіппен оларды тіркеу рәсімі аяқталғанға дейін Одақ мемлекеттерінің заңнамасында көзделген өзге де рәсімдерге сәйкес айналысқа шығарылатын аталған құралдардың айналысына жол беріледі.