Жаңалықтар

28.11.2023

ЕАЭО-да жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігін қамтамасыз ету міндеті айтарлықтай шешілді

Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович «Ресейдің ұлттық біліктілік жүйесі» атты IX Бүкілресейлік форумы аясында өткен «Білім беру және еңбек нарығы: өзара іс-қимыл құралдары» пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде айтты.

ЕЭК Алқасының басшысы атап өткендей Еуразиялық экономикалық одақта ортақ еңбек нарығын қалыптастыру ЕАЭО-ның төрт негізгі қағидаттарының бірін немесе «еркіндіктерін» – еңбек ресурстары қозғалысының еркіндігін іске асыру болып табылады.

«ЕАЭО азаматтары үшін еңбек етуге рұқсат беру бойынша шектеулер алынып тасталды, олар 30 тәулік ішінде міндетті тіркеуден босатылды, білімі туралы құжаттарды өзара тану келісілді», – деп мысалдар келтірді Михаил Мясникович.

Жалпы алғанда ЕЭК Алқасы Төрағасының айтуынша сыртқы экономикалық банктің сараптамалық бағалауына сәйкес жалпы еңбек нарығы ЕАЭО туралы шартта көрсетілген деңгейден 70%-дан аса, ал тауарлар нарығы 65%-ға, қызметтер нарығы 45%-ға, капитал нарығы шамамен 40%-ға іске асырылды.

Сонымен қатар, Михаил Мясникович атап өткендей бүгінгі таңда ЕАЭО елдерінде кәсіби стандарттарды қалыптастыру және біліктілікті тәуелсіз бағалау жүйелері де өз бетінше дамуда.

«ЕАЭО-да және ТМД-да білім беру кеңістігінің нормаларын біріздендіру жоқ. Бұл осы саланың ЕАЭО күн тәртібіне кірмейтіндігіне байланысты. Біз бұл мәселені көріп отырмыз, шешуге тырысамыз, бірақ Комиссияның салған күш-жігері жеткіліксіз. Жағдай күрделене түсуде, мамандарды даярлау талаптарындағы сәйкессіздіктер артуда, егер осы міндет жоғары деңгейде шешілмесе, онда «өзіміз/ бөтен» деген сияқты мәселелер туындауы мүмкін, бұған жол беруге болмайды. ЕАЭО экономикалық одақ болып табылатынына қарамастан, адамдардың денсаулығы мен өмірі басымды міндет болып қалуы тиіс» – деп атап өтті ЕЭК Алқасының Төрағасы.

«Пандемия кезінде адамдардың ұтқырлығы төмендеді, бірақ қиындықтарды бірге жеңді», – деп осындай тәжірибені қолданудың тиімділігін еске салды Михаил Мясникович.

Ол сонымен қатар цифрлық экономиканы дамыту жағдайында ЕАЭО-да өзін-өзі жұмыспен қамту, платформалық жұмыспен қамту, фриланс және жұмыс берушінің ЕАЭО-ға мүше бір мемлекеттен басқа мүше мемлекетте тұрып жатқан жұмыскердің елінде өкілдік ашпай-ақ, оның жұмысты орындауы үшін қашықтан жалдау сияқты жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы әдеттегі қатынастардан өзгешеленетін жұмыспен қамтудың жаңа үлгілері туралы айтып берді.

«Жұмыспен қамтудың бұл жаңа түрлері заңнамалық базаға қарағанда белсендірек, әдеттегіге қарағанда тезірек дамиды, демек, құқықтық реттеудің болмауынан және жекелеген сәттердің жасырын қалып қоюынан еңбек қатынастарының барлық субъектілері үшін қауіп туындайды. Жұмыспен қамтудың осы түрлерімен жұмыс істейтін жұмыскерлер еңбекті қорғаудың барлық стандарттарымен қамтылуы өте маңызды», – деп атап өтті Михаил Мясникович.

ЕЭК Алқасы Төрағасының пікірінше, бұл проблемалық мәселелер ЕАЭО елдерінің ұлттық ережелерді жақындастыру жөніндегі дәйекті жұмысы кезінде ғана шешілуі мүмкін.

«Әзірге Комиссияның тиісті өкілеттіктері жоқ. Бірақ Үкіметтен ЕЭК-ке осы міндеттерді шешуге құқық беруін сұраймын. Біз бұған қатысуға дайынбыз», – деді Михаил Мясникович.

ЕЭК Алқасының басшысы талап етілетін жұмыскерлер мен дайындалатын кәсіптік білім беру жүйелері арасындағы үйлесімсіздікті төмендету үшін жұмыскерлерге деген сұраныстың бірыңғай еңбек нарығын болжау және қанағаттандыру механизмін әзірлеу қажеттігіне де назар аударды. Комиссияның осы міндетке берген жауабы ретінде пайдалануға енгізілген «Шекарасыз жұмыс» цифрлық бағдарламасы, ол жұмысқа орналасу үшін, оның ішінде қашықтан қызмет көрсетудің толық циклін алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда жүйеде 171 мыңнан астам пайдаланушыдан келіп түскен 643 мыңнан астам өтініш бар.

Михаил Мясниковичтің пікірінше, жұмысшылар мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғау жүйесіне және жұмысқа орналастырылған мемлекеттегі медициналық қызметке оңай қол жеткізуі үшін жағдай жасау өте маңызды.

«Бұл мәселе Комиссия алаңында белсенді талқыланады. Қаржыландыруға байланысты әлі де шешілмеген мәселе көп. Бірақ мәселені жылы жауып қоюдың қажеті жоқ. Азаматтар өз елдерінің ғана емес, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ тарапынан да көмекті сезінуі тиіс», – деп түйіндеді ЕЭК Алқасының Төрағасы.

Михаил Мясникович IX Бүкілресейлік форум алаңдарындағы пікірталас ЕАЭО елдерінің тиімді ортақ еңбек нарығын қалыптастыру үшін өзекті міндеттерді шешуге және тиісті басқару шешімдерін қабылдауға ықпал ететініне сенім білдірді.